МТРА жаңалықтары

Өңірде құстарға екпе егілуде

Қыркүйектің ортасында өңірде құстарды вакциналау бастау алды. Осы аралықта Қызылжар ауданының ветеринарлары 60 мың басты қамтыпты. Бұл – қаз, үйрек пен тауықты тұмаудан қорғаудың бірден-бір амалы. Жалпы, ел бойынша бүгінге дейін 330 мыңға жуық құс қауіпті инфекциядан қырылған. Бұл статистикаға қанаттыларынан түгелдей айырылып қалған “Алекри” фабрикасы енбеді.

Николай Шмидт жылда құс бағумен айналысады. Биыл азамат күтіп-баптап 30 индоүйрек өсірген. Құс тұмауы келмей жатып, ауыл тұрғыны 20-ға жуығын сойып алған екен. Ал қалғандарын келесі жылы балапан алып, санын көбейтуге қалдырыпты. Бірақ, қанаттылар өңірді жайлап жүрген вирустан қырылып қала ма деп қорқады. Аудандық ветеринарларды шақырып, вакциналауды сұрағаны да сондықтан.

Николай Шмидт – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Құс тұмауы тарала бастағанын естігенде үйректерді далаға шығарудан қалдым. Ауру ұшып жүрген жабайы құстардан жұға ма деп қорқамын. Жақын маңда вирус жоқ. Әзірге, менің де, көршілерімнің де қаз бен үйректері аман. Бірақ, алдын ала қорғану қажет. Енді жаным тыныш. Мамандарға кеше хабарласып едім, бүгін-ақ барлығына екпе қойып берді.

Абырой болғанда тұмау Ғалиянұр Жолмұханов тұратын Бескөлдің аймағына әлі жетпепті. Бірақ, жалпы жағдай бойға үрей ұялатады дейді. Азамат құс шаруашылығын тек былтыр ғана қолға алған. Қазір оның орамында 40 шақты тауық пен әтеш бапталуда.

Ғалиянұр Жолмұханов – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Құстың ауруы шыққаннан кейін қорқынышты, кеше әкімшілікке хабар бердім. Келіп уақытында екпе екті.

1-ші қазандағы статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданда құс тұмауынан 4250 бас өлген. Қанаттылардың қырылуы, әсіресе, Якорь мен Красный Яр селоларында көптеп тіркелді. Бұл – фабрикаларды есепке алмағандағы ақпарат. Халықтың қысқы азығын аман алып қалудың бірден-бір жолы – вакциналау. Бұл шараны ветеринарлар қыркүйектің ортасында бастаған болатын. Содан бері 60 мыңнан аса қанаттыға тегін екпе егіліпті.

Арман Елеукин – Қызылжар аудандық ветеринарлық станциясының директоры:

– Прибрежное селолық округінің Шаховское елді мекенінінде жаппай вакциналау жүргізілуде. Себебі, тұрғындар қаз өсіріп, оны саудаға шығару арқылы күн көреді. Бүгінде қанаттылардың 11 мыңына екпе егілді. Бұл барлық шаруаның 85 пайызын құрайды. Жақын уақытта істі толық аяқтаймыз. Аудан бойынша барлық құсты вакциналайтын доза саны жеткілікті. Жұмысқа 23 ветеринар маман тартылған.

Вакциналаудың нәтижесі ме әлде вирус жойылып бара ма, әйтеуір аудан бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақталып келеді. Соңғы рет құстың көп мөлшерде қырылуы 3-4 күн бұрын тіркеліпті. Карантинге жабылған 11 ауданға қарасты 29 елді мекендегі ахуал да осыған ұқсас.

Тұрсын Қабдолданов – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

– Соңғы тәулікте құс өлімі болған жоқ. Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында құс тұмауы тіркелген жоқ. СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарында құс тұмауының таралуы төмендеді.

Қазір жұмыс топтары тұмаудан өлген қанаттылардың санын есептеп, тізім құрып, аулаларды зарарсыздандыруға кірісті. Аталған шаруа Бескөл құс фабрикасында да жүргізілді. Мұндағы шығын 181 мың басты құрайды. Брифингте «Алекридің» де жайы айтылды. Бірнеше күн бұрын БАҚ-та құс фабрикасында бақандай 520 мың бас қырылғаны туралы ақпарат таралды. Кәсіпорын мамандарының сөзінше, барлығы тұмаудан қырылыпты. Бірақ, республикалық штаб бұны растай алмайды.

Гүлмира Исаева – ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі:

– Қыркүйектің 19-ы комиссия жергілікті әкімшілік өкілдерімен кәсіпорынды тексерді. Мамандар фабрикаға келгенде ол толықтай бос болды. Өндіріс ошағының ветеринарлық дәрігерімен сөйлескен кезде олар вентиляцияны өшіру туралы шешім қабылдағандарын жеткізді. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда қанаттылардың барлығы ауа жетпегендіктен тұншығып өлген. Құс фабрикасының басшылығы не мамандары қанаттылар құс тұмауын жұқтырды деген күдікпен ешбір құзырлы органға жүгінбеген.

Яғни, барлық құстарды тұншықтырып, кейін күйдіріп жібергеннен соң, олардың құс тұмауын жұқтырғанын дәлелдеу мүлдем мүмкін емес. Ал жұмыс тобымен тіркелген, зертханалық тексерістен өтіп, инфекция расталған ел бойынша 330 мыңға жуық жағдай бар. Яғни, осынша құстың иесіне өтемақы 100 пайыз төленеді. Тағы ауруды жұқтырған қанаттымен бір орамда бағылып, тәркіленген қаз, үйрек пен тауық үшін де ақша беріледі. Оның көлемі қыркүйек айындағы орта нарықтық бағаға сәйкестендірілмек.

 

 

Эльмира Садвокасова