Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде астық сақтауға арналған жұмсақ контейнерлер шығарыла бастады

Өңірімізде тың бастама қолға алынды. Енді Солтүстік Қазақстан облысында жұмсақ контейнерлер шығарылатын болады. Оны жергілікті кәсіпорындардың бірі өндірмек. Серіктестікке тиесілі цехта / жылына 1 млн 200 дана өнім әзірленбек.

Мына цехте жұмсақ контейнерлер жасалады. Жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған. Арнайы құрылғының көмегімен әзірленетін қаптар цемент, құм, пластик гранулалары секілді материалдарды сақтап, тасымалдауда қолданылады. Оның сыйымдылығы – кемінде 2 тонна.

Владислав Пустовалов – “SMBGROUP Family” ЖШС аға машинисі:

– Мұндай қаптарды жасауда полипропилен қолданылады. Арнайы жіптерге беріктік пен ақ түс беру үшін кальций карбонатын қосамыз. Одан соң барлығын араластырамыз. Күніне мұндай материалдардың мың жарым тоннасы жұмсалады.

Заманауи қондырғының көмегімен жылына қаптардың 1 млн 200 данасын шығаруға болады екен. Оның барлығының сайымдылығы миллион тоннадан астам астық сақтауға қауқарлы. Жергілікті аграрийлер үшін бұл дүниелерді қолдану өте тиімді болмақ.

Жалпы, кәсіпкер мұндағы 3-ші цехты ашу үшін “Бизнестің жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 пайыздық үстемақымен жеңілдетілген несие рәсімдепті. Алдағы уақытта жобаның көлемін тағы кеңеймек.

Мұқан Садуов – “SMBGROUP Family” ЖШС құрылтайшысы:

– Жоспарға сәйкес 2021 жылдың бірінші тоқсанында үлкен цех салмақшымыз. Оның көлемі 10 мың шарты метрді құрамақ. Онда крафт-қаптар дайындалатын болады.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов мұндай ірі жобаларға алдағы уақытта да қолдау көрсетілетіндігі туралы айтты.

Жалпы, инвестицияның көлемі әзірге, жарты млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта аталған бағытқа құйылатын қаржы көлемі кезең-кезеңімен 6 млрд-қа дейін жеткізілмек. Қомақты қаражатқа кәсіпорынға заманауи жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ, жұмысшылардың санын да 140-тан 300-ге дейін көбейту көзделіп отыр.

 

Маржан Касымбек