Ауа райы

Қазан айына арналған ауа райы

Жауын-шашын жиілейді, көктайғақ болады. Жергілікті синоптиктер / өңір бойынша / қазан айына жасалған болжамдарымен бөлісті.

Бүгін қазан айының бірінші күні. Ауа температурасы +18 градусты көрсетіп тұр. Бұл күздің екінші айы үшін жақсы көрсеткіш дейді синоптиктер. Алайда, мамандардың сөзінше, бұл жылылық ұзаққа бармайтын көрінеді. Яғни, қазанның 4-інен бастап сынап бағанасы күндіз 0,+5 градусты көрсетпек. Қазанда орташа айлық температура жалпы +3-4 градусты құрағалы отыр.

Файруза Билалова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 0-5 градус жылыға, күндіз 8-13, кей жерлерде 3 градус жылыға дейін жоғарылайды. Одан кейін түнде 2-7, кей жерлерде 10 градус аязға, күндіз 0-5 градус жылыға дейін төмендейді. Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 0-5 градус жылы, кей жерлерде 5 градус аяздан 2-7 градус аязға дейін төмендейді, күндіз 5-10 градус жылыдан 0-5 градус жылыға дейін ауытқиды.

Жауын-шашынның айлық мөлшері нормадан асады деп күтілуде. Бұның салдарынан тұман, көктайғақ болып, екпінді жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді деп болжанып отыр. Алайда, жерлестеріміз дәл қазіргі шуақты ауа райының ұзағырақ болғанын қалайды.

– Мұндай күнде көңіл-күй де тамаша. Қазан айының соңына дейін жылы температураның сақталғанын қалаймын.

– Әрине, мұндай шуақты күн кімге ұнамайды? Күннің жылылығын пайдаланып, серуендеуге шықтық.

Тарихқа үңілер болсақ, Петропавл қаласы бойынша қазан айындағы ең жылы күн 2018 жылы тіркеліпті. 5-ші жұлдызында ауа температурасы +26 градусты көрсеткен екен. Ал ең суық күн осыдан 80 жыл бұрын болған. Ол кезде 31-ші қазанда сынап бағанасы -25 градусқа дейін түсіпті.

 

 

 

Казиканова Алтынай