МТРА жаңалықтары

Қарты бар үйдің қазынасы бар

Қарты бар үйдің қазынасы бар. Көпті көрген қариялар – тұнып тұрған тәрбие. Қала тұрғындары – ерлі-зайыпты Бралиндердің / әрі ұстаздық еткендеріне, әрі шаңырақ көтергендеріне де 40 жылдан асқан. Қос зейнеткер бос уақыттарын көз қуанышы – немерелеріне арнайды: тәлім-тәрбие береді, қазақтың салт-дәстүріне, өнегесіне баулиды.

Тұрсымбек Бралин – балаларға білім мен ілімге құштар болуды үйреткен жан. Ол кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Ал зайыбы Қайныш Ілиясқызы бастауыш сынып оқушыларын оқытқан. Өмірлерін бір арнаға тоғыстырған қос ұстаз осы салада 40 жылдан астам уақыт бойы тер төгіпті.

Тұрсымбек Бралин – ардагер педагог:

– Оқушыларыма ерік беруге тырыстым. Адам өзі ізденіп отыруы қажет. Бағыт-бағдар көрсетіп, артынан байқау керек. Балада жақсы қасиет болса, ол ізденеді. Қорқыт баба айтпашқы, “Бүгінгі күн – сый”. Сыйлы күнге жету үшін іздену қажет. Адам бақытқа жету үшін тырысуы тиіс.

Мұғалім болып жарты ғасыр еңбек еткен жұптың отбасы құрғандарына да осыншама уақыт толды. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екені көбімізге мәлім. Шаңырақта береке мен тыныштық таусылмауы үшін не істеу қажет? Қайныш Ілиясқызының сөзінше жанұяның ұйып отыруы ері мен әйеліне тікелей байланысты. Егер жұп бірін-бірі құрметтеп, тыңдай білсе шағын мемлекет нығая түседі. Бақыт та бірлігі бар мекенге тұрақтайды емес пе?!

Қайныш Бралина – ардагер педагог:

– Үй болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ, оның бәріне төзу керек. Ері сөйлегенде келіншегі тыңдасын, әйелі сөйлегенде – күйеуі. Сонда ғана екеуінің арасында ынтымақ болады. Балаларды өмірге әкелген соң тәрбиелеу керек.

“Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” көрсету – жанұя берік ұстанатын ең басты қағидалардың бірі. Өйткені, үйдің қазынасы болған қарттардың айтқан ақыл-кеңесін ешқандай білім ошағы бере алмас. Қайныш Бралина атадан-балаға мирас болып, қанға сіңген тәрбие әрі ұлттық салт-дәстүрді келініне де үлгі етіп жүр.

Қайныш Бралина – ардагер педагог:

– Келіндер енелерін тыңдап, ойына тоқып алса. Себебі, өздері де ене болады. Тату-тәтті өмір сүріп, балаларды жеткізсе.

Ұлағатты ұстаздар бүгінде құрметті еңбек демалысында. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ерлі-зайыптылар бос уақыттарын немерелеріне арнайды. Перзенттерінен туған 7 балаға салт-дәстүрге сай қазақи тәлім-тәрбие сәңдіруде.

 

Маржан Касымбек