Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданында “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылды

Тайынша ауданында “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылды. Нысан жұмысымен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов танысты. Кенін, аудан орталығында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру орталығы мен жөнделіп жатқан Мәдениет үйінде болды.

Тайынша – осымен ашық әкімдік фронт-кеңсесі ашылған 11-ші аудан. Бұрын әкімдіктің немесе түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып, әр кабинеттің есігін қағып жүрген азаматтар енді осында келіп, өздеріне керек қызметті ала алады. Арнайы мамандар кеңес береді.

МЕРЕКЕ ХАМЗИН – ТАЙЫНША АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

– Мұнда келушілерді екі маман қабылдайды. Бірі тұрғындарға түрлі мемлекеттік қызмет көрсетсе, екіншісі білім беру саласына қатысты сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, мұнда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған. Егер азаматтың электронды қолтаңбасы болмаса, осында келіп жасата алады.

Енді ашық әкімдік жобасы ауылдық округтерде де біртіндеп жүзеге асырылмақ. Бұл – облыс әкімінің бастамасы.

НҰРЛАН ЖАХИН – ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

– Ауылдық округтерде өзіне-өзі қызмет көрсету орталықтары бар. Бірақ, осындай үлгілі ашық әкімдік фронт-кеңсесін облыс әкімінің бастамасымен Тайынша ауданына қарасты Келлеровка ауылында ашпақшымыз.

Облыс әкімінің орынбасары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің өкілі аудан орталығында жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылыс жұмыстарын да байқады. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылып жатқан бұл нысанға 580 млн теңге құйылыпты. Мамыр айында басталған іс қарашада аяқталмақ. Қазір мұнда 40-тан астам адам бір ауысыммен еңбек етуде. Айта кету қажет, спорт кешені барлық стандарттарға жауап береді. Бірақ, бір олқылық бар. Ғимарат қаланың шетінде ораналасқан. Оған жету біраз қиындық тудыруы мүмкін.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ – СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Қиындау болады енді. Аудан әкімінің айтуы бойынша олар осы жылы 20 дана “Газел” автокөлігін сатып алыпты. Соларды қолданатын боламыз. Жергілікті спорт мектебіне тиесілі көліктер де бар. Сондықтан, балалар көлікпен әкелінеді. Ал қалған бұқара өз транспорттарымен жете алады деп ойлаймын. Аудан орталығы айтарлықтай үлкен емес.

Тайынша қаласында сонау 64-ші жылы салынып, кейін күрделі жөндеу көрмеген Мәдениет үйі де биыл қалпына келтіріліп жатыр. Шаруаға көкшетаулық серіктестігі жауапты. Бөлінген қаржы 44 млн теңгеге жуықтайды.

ИВАН ТУРКОВ – ТАЙЫНША АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Мәдениет үйінің шатырын, еденін ауыстырып, орындықтар мен басқа да қажетті құрал-жабдықтарды жаңалаймыз. Нысан қараша айында қолданысқа берілуі тиіс.

Жалпы, Тайынша ауданының соңғы уақытта экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны осал емес. Биыл аудан бюджетінің ауқымы 4 млрд теңгеден асқан.

Маржан Касымбек