Өнеркәсіп

Санитарлық талаптардың сақталу барысы тексерілді

Өңірде коронавирус инфекциясының жаппай таралуын болдырмау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң түрде сақталуы тиіс. Әсіресе, жұмысшылары көп ірі өндіріс орындарында. Өңірде 1300-ден астам кәсіпорын бар екен. Солардың біріне бүгін мамандар бас сұғып, қауіпсіздік шараларының қамтылу деңгейін байқады.

“Радуга” серіктестігінде еңбек ететін қызметкерлердің әрбір жұмыс күні осылай басталады. Алдымен антисептикпен қолдарын өңдейді, кейін дене қызулары өлшеніп, арнайы журналға тіркеледі. Жұмысшылар масканы да ұмытпаулары тиіс. Барлық талап орындалған жағдай да ғана мамандар кәсіпорынның аумағына кіре алады.

Светлана Соколова – “Радуга” ЖШС техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері:

– Елде төтенше жағдай жариялаған кезде біздің серіктестікте біршама өзгеріс орын алды. Әкімшілік бөлімнің 30 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілді. Ал өндірістік бөлімдегі қызметкерлер ауысым бойынша еңбек етті. Кәсіпорында санитарлық талаптар күшейтілді. Жұмысшыларымыз әрдайым қорғаныс құралдарымен жүреді. 2 метрлік арақашықтық қатаң түрде сақталады. Осының арқасында бізде індетті жұқтыру фактісі тіркелген жоқ.

Негізгі талаптар аталған серіктестікте әлі де қатаң түрде сақталуда. Айта кетейік, бүгінде “Радуга” серіктестігінің қаладағы цехтарында 300-ге жуық адам еңбек етеді. Компания сабын, пластмасса, қоқыс пакеттері, дымқыл майлық және тағы басқа халық пайдаланатын тауарларды шығарады. Сонымен қатар, кәсіпорын қиын-қыстау кезеңде антисептик өндіру ісін де бір жолға қойды. Бүгінде “Радуга” бүкіл елді дезинфекциялық сұйықтықпен қамтамасыз етіп отыр.

Светлана Соколова – “Радуга” ЖШС техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері:

– Сәуір айынан бастап бүгінге дейін 500 тонна антисептик өндірдік. Сұйықтықты облыс орталығынан бөлек, аймағымыздың барлық аудандарына жеткіземіз. Сондай-ақ, еліміздің басқа да өңірлеріне жөнелтеміз.

“Радуга” cеріктестігіндегі сияқты аталған ережелер жалпыға ортақ. Түсіндіру және алдын алу шарасы өз нәтижесін беріп отыр.

Гүлнәр Джақсылықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Биыл аймақтағы ірі кәсіпорындар жаппай тұмау, коронавирус, жіті респираторлық вирустық инфекцияның өршуі тіркелген жоқ. Індетті болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтсақ, компанияларда профилактикалық тексерулер, семинарлар, вебинарлар өткіземіз. Мұның барлығы санитарлық нормалардың сақталуы үшін жасалуда.

Алдағы уақытта тиісті жұмыстар өз жалғасын табады. Санитарлар коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында әрбір мекемеге барып, негізгі ережелерді жіліктеп түсіндіреді.

Ешкенова Дана