СпортҚұрылыс

Құрылысы баяу жүріп жатқан нысандарға қатысты мәселе қоғамдық кеңесте талқыланды

Биыл өңірде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға облыстық бюджеттен 2 жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нысандардың құрылысы жыл соңында аяқталуы қажет. Бірақ, елді мекендердегі жұмыс уақытылы тапсырылмауы мүмкін. Себебі, кейбір мердігерлер ғимараттың тек іргетасын ғана құйып қойыпты. Келелі мәселе кеше облыстық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Құрылыс жұмыстарына бөлінген қаржы қыруар – 2 млрд 431 млн теңге. Аталған соманың бір бөлігіне қазір Тайынша ауданында су жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Шаруа мамырдан бері атқарылуда. Шағын футбол, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, күрес, фитнес пен йога залдары осы ғимараттың ішінде болады. Кесте бойынша нысан қазан айының соңында тапсырылу тиіс. “Әзірге, Тайынша мен Шал ақында ғана қолға алынған іс уақытылы жүргізілуде”,- дейді отырысқа қатысушылар. Ал қалған аудандардағы құрылыс жұмыстарына көңіл толмайды. Іс баяу тындырылуда.

Қайырлы Едіресов, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Қазір жаз емес. Уақыт өткен сайын күн қысқарып келе жатыр. Ауа райы да салқындауда. Сәйкесінше, құрылысшаларға бұл кедергі келтіріп, жұмыс қиындай түседі. Ал нысандарды уақытында тапсыру қажет. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, сіз осы олқылықтарды ерте анықтап, мәселені аймақ басшысына жеткізулеріңіз керек еді.

Қайырлы Едіресовтың айтуынша, Айыртау мен Есіл аудандарындағы 3 ғимараттың құрылысы баяу атқарылып жатыр. Саумалкөл ауылындағы нысан желтоқсан айының соңында тапсырылуы тиіс. Жыл соңына дейін мердігер үлгеріп қалар деген үміт бар.

Ал Явленка селосындағы іс тоқтап қалды десе де болады. Мұнда, тіпті, нысанның іргетасы да дұрыс құйылмаған екен. Аумаққа өткен аптада арнайы комиссия өкілдерімен бірге құрылыс саласының жілігін шаққан ардагер мамандар барып, бақылау жүргізді. Сонда жауапты компания өкілдеріне жұмысқа көңілдері мүлде толмайтындықтарын жеткізді және өзара бір шешімге келді. Шаруаны дереу тоқтатып, істі басқа мердігерге тапсыру қажет.

– Сергей Петрович и я – Почетные строители республики. Даже мы за такую работу не взялись бы.

Бүгінгі күнге дейін сынның астында қалған мердігер бөлінген қаражаттың 30 пайызын игерді, яғни шамамен 88 млн теңгені жаратыпты. Нәтижесі мүлде көңіл көншітпейді.

Қайрола Ғалеев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз мердігерге жұмысты атқара алмайтын болсаң, кеш болмай тұрып өз қалауыңмен келісім шартты бұз деп айтқанбыз. Заң бойынша бұған рұқсат етіледі. Бірақ, олар бұл ұсыныспен келіспеді. Керісінше, істі уақытында аяқтап, тапсырамыз деді.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, мердігер қанша тырысса да ғимаратты уақытында, яғни биыл тапсыра алмайды. Сол себепті, ол жақында құрылыс жұмыстарын тоқтатады және жауапкершілікке тартылады.

Бердимурат Баймухан