Білім

Петропавлдық оқушы 5 тіл біледі

Шет тілін білу заман талабы болса, бес бірдей тілді білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Петропавлдық 11-сынып оқушысы Артем Германды  полиглот деуге болады. Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірті  бос уақытын  тіл үйренуге арнайды екен.

Артем Герман – кешегі әл-Фарабилердің ізбасары. Ол ғұлама ғалым сияқты ондаған болмаса да бірнеше тіл біледі. Мысалы, орысша, қазақша, ағылшынша, немісше және французша сөйлейді. Бұл өнерді, яғни тіл меңгеруді Химия-биология бағытындағы НЗМ-нің оқушысы 1-ші сыныпта бастапты. Сөйтіп, 10 жылдың көлемінде үйренген екен. Жерлесіміз бойға жиған білім болашақта қажет болады дейді.

Артем Герман – Химия-биология бағытындағы НЗМ 11-сынып оқушысы:

–  Маған ағылшын мен неміс тілдері медицина саласын оқу әрі бұл салада жұмыс істеу үшін қажет. Француз тілінде ән тыңдаймын.

Артем камера алдында қобалжыды ма сұхбат барысында сәл-пәл қателік жіберді. Ол күнделікті өмірде қазақша еркін сөйлеймін, мемлекеттік тілге құрметпен қараймын дейді. Айтуынша, еліміздің әр азаматы қазақ тілін білуі тиіс. Айгерім Жантаева – ұстаз. Маман 3 жылдан бері Артем Германға ана тілімізде сабақ береді. Педагог шәкіртінің оқу үлгерімін, жаңа дүниелерді меңгеруге деген ынтасын жоғары бағалайды.

Айгерім Жантаева – Химия-биология бағытындағы НЗМ қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

– Артемнің ерекшелігі – ол өзінің табиғатынан асықпайтын бала. Тапсырмаларды асықпай, мұқият орындайды. Ең соңғы болып тапсырса да орнықты жұмыс істейді. Бізде өткен аптада ғана бөлім бойынша жиынтық бағалау өтті. Соның нәтижесі бойынша Артем ең жоғары ұпай алған оқушылардың бірі болды.

Артемнің арманы асқақ. Ол мектеп бітіргесін, шетелдік университеттердің біріне түсіп, хирургия саласын меңгергісі келеді. Оған қоса, испан және латын тілдерін үйренуді мақсат етеді. Бастысы – ерінбеу керек дейді жас полиглот.

Жанна Бисенова