Спорт

Петропавлда шаңғы базасы жөндеуден өтті

10 жыл бойы жөндеу көрмеген шаңғы базасы биыл жаңартылды. Борки кентінде орналасқан нысанда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 70 млн теңге жұмсалған. Олимпиада резервін даярлау орталығының жастары жаңаланған спорттық алаңдардың игілігін көруде.

Шаңғы базасындағы трасса мен ату аумағын жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталыпты. Жақында жұмыс тәмамдалды. Мамандар учаскеге асфальт төсеп, маңайды тақтайдай тегіс қылды. Атқарылған іске жас биатлоншы Полина Щербакова дән риза. Ол қалыпқа келтірілген спорт объектісінде емін-еркін жаттыға аламыз дейді. Ал бұрын жүгіру, роликті шаңғы тебу біраз қиындық туғызған екен.

Полина Щербакова – биатлоншы:

-Менің биатлон спортына келгеніме көп уақыт болмады. Көбінесе осы жерде жаттығамын. Бұрын жаттығу барысында қиналатынбыз. Шұрық-тесік жолда роликті шаңғының таяғы сынатын немесе өзіміз сүрініп құлап, жарақат алатынбыз. Трасса жөнделіп қана қойған жоқ, ені біраз кеңейтілді. Спортшыларға қолайлы жағдай жасаған жандардың барлығына алғыс білдіремін.

Тарихқа шолу жасайық. Шаңғы базасында күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын жүргізіліпті. Яғни, 2010-да трасса мен ату аумағына асфальт төселген. Бүгінде қайта қ алыпқа келтірілген базада роликті шаңғы, велосипед, скейтборд тебуге болады. Ал қыста қарапайым шаңғы мен бір бөлігінде коньки тебуге мүмкіндік бар.

Ольга Надобенко – Олимпиада резервін даярлау орталығының директоры:

– Жөндеу жұмыстарын жергілікті “Петропавл жолдары” компаниясы жүргізді. Олар 15 мың шаршы метр жерді қалпына келтірді. Іске бюджеттен 70 млн теңге қаражат бөлінді.

Бүгінде орталықта спорттың 16 түрі бойынша 91 адам жаттығады. Олардың арасында қысқы Универсиада мен Азия, Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Қазіргі таңда бұл спортшылар жөнделген базада алдағы дүбірлі додаларға қызу дайындалып жатыр.

Казиканова Алтынай