Білім

Педагог мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысы өсті

Педагог мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысы өсті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, енді болашақ мұғалімдерге 42 мың теңге көлемінде ақша беріледі. Мұндай соммадағы
степендияны жергілікті университетте оқып жүрген 2000-ға жуық қыз-жігіт алмақ.

Бұрын 26 мың болса, қазір 42 мың теңге. Қалта студент үшін әжептәуір қалыңдады дейді Зухра Серғали. Еселенген шәкіртақысын болашақ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі кеше ғана қолына алыпты. Қуанышында шек жоқ.

Зухра Серғали – Kozybayev University студенті:

– Біз бұған ризамыз және алғысымызды айтамыз. Президент бізге үлкен үміт артып, осы шешімге келді деп ойлаймын. Себебі, педагог болу – қиын жұмыстардың бірі және үмітті ақтауға тырысатын боламыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда педагог мамандығы бойынша білім алатын студенттердің шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге көтеруді тапсырған болатын. Бұл – ұстаздың қоғамдағы беделін арттыруда жасалған алшаң әрі нық қадам. Ескерер бір жәйт бар. Шәкіртақы өскенімен, биыл талапкерлерге оқуға түсу үшін талап қатаңдатылды. Бұл – түсінікті жайт. Өйткені, келешекте балаға сабақ беретін маман әуелде сауатты әрі білімді болуы керек. Бұрын мұғалім мамандығына барғалы отырған жас кемінде 65 ұпай жинау керек болса, қазіргі меже – 70 балл.

Ербол Исақаев – Kozybayev University ректорының міндетін атқарушы:

– Бүгінде Қозыбаев университетінде педагог мамандығы бойынша 3 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың 1800-і – грантта, яғни тегін оқуда. Шәкіртақының өсуі балалардың осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыра түседі.

Оған қоса, докторантурада оқитын жандардың да стипендиясы өсті. Бұрын олардың шәкіртақысы 101 мың болса, енді 150 мың теңгені құрайды. Мұндай көлемдегі ақша жергілікті университетте білім алып жүрген 42 адамға берілемек.

Казиканова Алтынай