Білім

Kozybayev University-де заманауи цифрлық видеостудия ашылды

Қарапайым лекциядан бастап, білдей бір электрондық оқулыққа дейін. Kozybayev University-де Қозыбаев университетінде су жаңа заманауи цифрлық видеостудия ашылды. Кабинет вебинарлар, онлайн-сабақтар мен курстарды сапалы жазу үшін қажет сандық технологиялармен қамтылған.

Заман дамып келеді, яғни оқу форматы да бір орында тұрмайды. Қазір интернет толған – вебинарлар мен түрлі курстар. Енді бұл электрондық кітапхана жергілікті университет оқытушыларының еңбектерімен толыға алады. Ол үшін жоғарғы оқу орнының қабырғасында барлық жағдай жасалған. Дәлірек айтсақ, білім ордасында видеостудия ашылды. Сандық технологияларды тәжірибеден өткізуді ұстаздар қауымы бастап кетіпті.

Марина Санникова – Kozybayev Univesity бөлім жетекшісі:

– Біз қазір «Жасанды интеллект жүйесі» тақырыбында видео жазып жатырмыз. Алда тағы 6 бірдей курсты бейнеформатқа ауыстыру ойда бар. Яғни, лекциялар мен практикалық сабақтардың барлығын электрондық кітапханаға көшіреміз. Бастысы, видеолардың сапасы жоғары деңгейде болмақ.

Заманауи техника осы студияға байланбайды. Яғни, оны кез келген уақытта өзге кабинеттерге көшіруге болады. Бұның болашақ инжинер, агроном, дәрігерлер мен өзге де маман иелері үшін маңызы зор. Таптырмас мүмкіндікке жергілікті университет «Эпиграф» басылымымен меморандумға отырудың арқасында қол жеткізіп отыр.

Ербол Исақаев – Kozybayev University ректорының міндетін атқарушы:

–  Біздің есігіміз өңірдің барлық ұстаздары мен тренерлері үшін ашық. Заманауи техниканың мүмкіндігі мол. Сондықтан, онлайн-сабақ жазып, сапалы контент жасау керек болса, кез келген уақытта келулеріңізге болады.

Түсірілген барлық материалдар жергілікті жоғарғы оқу орны мен «Эпиграф» компаниясының электрондық порталдарында сақталмақ.

Эльмира Садвокасова