Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

Өңірде ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде! Жергілікті дәрігерлер солтүстікқазақстандықтарды / әсіресе, қазіргі кезде денсаулыққа аса мұқият қарауға шақырады. Себебі, адамдарды күз мезгілінде короновируспен қоса өзге де инфекциялық аурулар әлекке салуы мүмкін.

Жылда қыркүйек пен қазан айларында жіті респираторлық вирус пен тұмау өршиді. Аурудың алдын алудың ең оңтайлы тәсілі – ол екпе егу дейді ақхалатты абзал жандар. Үстіміздегі жылы вакциналау былтырғыдай қазанда емес, осы айдың бел ортасынан басталып кетті.

Олег Завьялов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Біз пандемия кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Егер тұрғындардың бірі бірнеше вирустық инфекция жұқтырып алса, әлдеқайда қиын болады. Сондықтан, вакцина алған дұрыс.

Дене температурасының 40-қа дейін көтерілуі, әлсіздік пен құрғақ жөтел. Бұның барлығы – тұмаудың алғашқы белгілері. Мұндай жағдайда өздігінен емделіп уақыт жоғалтпай, бірден дәрігерге жүгіну қажет. Жалпы, қазіргі таңда өңірде жіті респираторлық вирус пен тұмау жұқтырғандардың саны көп емес. Мамандардың сөзінше, эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Олег Завьялов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Бүгінде өңірімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен, профилактикалық іс-шараларды ұмытпау қажет. Қазіргі кезде көп дәрумен жеп, таза ауада көп жүріп, дұрыс тамақтану қажет.

Денсаулық үшін сын кезеңде солтүстікқазақстандықтар қандай алдын алу шараларын қолданады? Бірқатар жерлесімізді сөзге тарттық.

– Малина, бал, лимон қосылған шәй ішемін. Адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармауға тырысамын.

– Жыл сайын екпе еккіземін және де қорғаныс құралдарын қолданамын. Тұмауды жұқтырмау үшін таза ауада жиі демаламын, жылы киініп жүремін.

Дана Сәлімқызы