Құрылыс

Жас өркен ықшам ауданында 16 қабатты тұрғын үй бой көтеруде

Жас өркен ықшам ауданында 96 пәтерлі 16 қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Құрылысы өткен жылдың қарашасында бастау алған нысанды  2021-дің қаңтар айында қолданысқа тапсыру көзделіп отыр. Бұл үйдегі пәтерлер  баспана кезегінде тұрған “Тұрғын үй құрылыс жинақ” банкінің салымшыларына берілмек.

Құрылыс алаңындағы жұмыс қызу. Мамандардың бірі нысанның кірпішін қалап жатса, ал енді бірі су құбырлары мен жылу желілерін орнатуда. Электр сымдарын тартып жатқандар да бар. Бір сөзбен айтсақ, мұндағы жандардың барлығы 16 қабатты үйді уақытында тапсыру үшін тынбай тер төгуде. Солардың бірі – Раис Мухаметшин. Оның құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жылдан асыпты.

Раис Мухаметшин – “Альфа Север” ЖШС құрылысшысы:

– Біз таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін еңбек етеміз. Қазір негізінен сыртқы жұмыстармен айналысып жатырмыз. Күн ашық, жылы болып тұрғанда бұл шаруаны тәмамдауымыз қажет. Ал ауа райы салқындаған кезде ішкі жұмыстарға кірісетін боламыз.

Құрылыс алаңында 50 адам бел жазбай еңбек етуде. Олар үйдің қаңқасын толығымен тұрғызыпты. Бүгінде мамандар 7-ші қабаттың кірпішін қалауда.

Никита Власов – “Альфа Север” ЖШС прорабы:

– Үй 96 пәтерден тұрады. Ғимараттың құрылыс жұмыстары өткен жылдың 11-ші қарашасында басталды.

Мамандар құрылысты 2021 жылдың қаңтар айына қарай толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Мұндағы баспаналар пәтер кезегінде тұрған “Тұрғын үй құрылыс жинақ” банкінің салымшыларына беріледі.

Алтынай Қазиқан