ТЖ

Өрт сөндіру-құтқару спортынан облыстық жарыс өтті

Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығы қарсаңында Петропавлда облыстық өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс өтті. Дәстүрлі додада қала мен аудан құтқарушыларынан құралған 7 команда бақ пен бап сынады. Қатысушылар алғашқы кезеңде  жылдамдыққа оқу-жаттығу мұнарасының 4-ші қабатына көтерілді.

Биылғы дүбірлі дода қаламыздағы №3 өрт сөндіру бөлімінде өткізіліп жатыр. Облыс чемпионатының алғашқы сайысы жаттығу мұнарасының 4-ші қабатына сатымен көтерілу деп аталады. Онда бақ сынайтын мамандардың арасында Тимирязев ауданының өкілі Райымбек Асқаров та бар.

Азамат тапсырманы ойдағыдай орындады. Ол көзді ашып-жұмғанша діттеген жерге көтерілді. Жерлесіміздің тәжірибесі мол. Ол
бұл жарысқа тұрақты түрде қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр екен.

Райымбек Асқаров – жарысқа қатысушы, Тимирязев ауданы:

– Бүгінгі бірінші кезең жақсы өтті. Қалған 2-ші, 3-ші кезең де ойдағыдай өтеді деп үміттенеміз. Жарысқа күні-түні дайындалдық. 1-ші орын аламыз деген сенімдемін.

Биыл облыс чемпионатына 50-ге жуық маман қатысып жатыр. Олар өрт сөндіру-құтқару спортының 3 түрі бойынша мықтыны анықтайды.Айта кетейік, сала қызметкерлері жаттығу мұнарасының 4-ші қабатына сатымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту және “жауынгерлік қанат жаю” сайыстарында бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай сын құтқарушылардың шыдамдылықтарын шыңдауға, жылдамдықтарын арттыруға мүмкіндік береді.

Әсет Сердалин – СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі:

– Өрт сөндіруші әрқашан қиындықтарға дайын әрі физикалық тұрғыдан мықты болу керек. Қатысушылар дайындықтарын жарыста көрсетіп, өз деңгейлерін дәлелдейтін болады.

Жалпы, жарысқа 7 команда қатысты. Оның 4-еуі – қала, ал қалған 3-еуі – аудан құрамалары. Чемпионат соңында үздіктер анықталып, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жанна Бисенова