Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коронавирустың келесі толқынына дайынбыз ба

Коронавирус өңірде қайта бас көтерсе, қауіпті дертті 5 мыңға дейін жерлесіміз жұқтыруы мүмкін. Бұл – денсаулық сақтау басқармасы жасаған болжамдардың бірі. Медициналық препараттар, кадрлар мен төсек-орын қоры дәл осыншама науқасқа арналып жасақталуда. Пандемиямен күреске әзірлік жайлы облыстық әкімдік отырысында айтылды.

Ел бойынша 107 мыңнан, өңірде 4 мыңнан аса жағдай. Бұл коронавирус бойынша қазіргі статистика. Әзірге, жағдай тұрақты дейді мамандар. Маусым мен шілдеде ең қиын әрі күрделі кезеңді бастан өткердік. Ол ковид-19 қайта бас көтерсе, қайта орын алуы мүмкін. Осыған байланысты қазір індетке қарсы күреске дайындық күшеюде. Екінші толқынның таралуының екі жолы бар. Біріншісі – оптимистік. Бүгінде ақ қайыңдар өлкесі дәл осы сценарий бойынша келе жатыр. Яғни, өсім – баяу, емдеу мекемелерінде жүктеме – қалыпты, бос төсек орындары – жеткілікті.

Қабдырахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Пессимистік сценарийге сәйкес, алдын ала болжам бойынша өңірде ауруға 4-5 мың тұрғын шалдығуы мүмкін. Осыған байланысты қор дәл осынша адамға жасақталды. Індет қайта бас көтерсе, төсек-орындардың санын шілде айындағыдай қайта 2415-ге дейін арттыра аламыз. Тағы қажет болса онда 3400-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Бүгінде кадр мәселесі шешіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі өлкемізде еңбектенуге 120 маманды жіберіпті. Олардың тең жартысы тамыз айында келіп, жұмыстарын бастады. Қазанның соңында тағы 40 ақ халатты іске кіріседі. Дәл осы уақытта медицина мамандарының командасы 50 адамға толығады деп күтілуде. Облыстық инфекциялық стационарларға резидентураның 2-3-ші курстарында оқитындар тартылмақ. Жағдай ушығып кетсе, пандемиямен күреске жеке меншік клиникалардың мамандары да қосылатын болады дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Қабдырахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бүгінде өңір аурухаларында 121 ИВЛ бар. Жуырда тағы 111-і жеткізіледі. Сәйкесінше, қажет болған жағдайда өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтылған 212 жан сақтау төсек-орындарын қоя аламыз. Қалалық стационарларға 300 млн теңге болатын 5 оттегі станциясын орнатамыз. Қазір монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек қоры да бар. Қазір эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайда қажет болатын қосымша препараттар резерві әзірленуде. Бұл мақсатқа тұрақтандыру қорынан 250 млн теңге бағытталыпты. Бұндай жұмыс дәріханаларда 2 айлық қорды жасақтау үшін жүргізілуде. Бөлінген сома – 55 млн теңге. Іске”Норд фарм маркет” жауапты. Дәрілердің алғашқы легі қазан айының басында жеткізіліп, шектеулі бағамен саудаланады. Бұл ретте өңір жетекшісі адамдардың денсаулығын ойыншыққа айналдырмай, дәрі-дәрмек құнын өсіруге болмайтындығын қадап айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мониторинг жүргізу барысында тұрғындар тарапынан сұранысы жоғары препараттардың бағасы шарықтап кеткенін байқадық. Яғни, қиын жағдайды пайдаланып, қалталарын қалыңдатқылары келген. Көп болмаса да мұндай фактілер кездесті. Бұған жол беруге болмайды.

Елдімекендіктерді препараттармен қамту жағын аудандық әкімдіктер де қолға алды. Мақсатқа 52 млннан аса қаржы бағытталған. Көмекке аграрийлер де келіп жатыр. Бірақ, дәрінің өзі болғанымен, кей селолық округтарда оны қабылдайтын нысандар жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы шалғай жатқан ауылдарда қазір 42 дәріхана пунктін ашу жұмыстарын жүргізуде. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Індетпен күресте жан-жақты қарулану керек. Сондықтан, өлкеде тұмаудан вакцинациялау шарасы басталды. 60 мың доза бөлініп, екі апта ішінде 36 мың адамға екпе егілді. Жуырда тағы 25 мың вакцина алынады. Инфекциядан қорғанудың келесі жолы – ара қашықтықты сақтау, қолды жиі өңдеп, маска тағып, жүріс-тұрысты шектеу. Соңғысын елемей жатқандар бар әлі.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

–  Карантин енгізілгелі облыстық полиция департаменті біздің ведомствоға талаптарды бұзу бойынша 1309 істі жолдады. Оның ішінде 29-зы фармацевтика саласында. Қалғандары маска тақпай, той тойлатқандардың санатына жатады. Аталған фактілерге сәйкес 821 хаттама толытырып, жалпы сомасы 46 млн теңге болатын айыппұл салынды.

Шектеу шаралары да, салаға бағытталып жатқан қыруар қаржы да тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін жасалып жатыр. Биыл медицина саласына өңір бюджетінен 56 млрд теңге бөлінді. 2017-мен салыстырсақ сома 1,5 есеге көп.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 3 жылдың ішінде 4,1 млрд теңгеге соңғы үлгідегі озық 344 техника сатып алынды. Жаңа МРТ кезекті 3 есеге, 2 КТ-аппараты кезекті 2,5 есеге қысқарту мүмкіндігін берді. Бірнеше аудандық ауруханаға цифрлық маммограф орнаттық. Бұл сүт безі рагын анықтау мүмкіншілігін 6 пайызға жақсартты. Биыл тағы 264 бірлік қондырғыға 3,8 млрд теңге бөлінді. Қаражатқа тағы бір МРТ, ангиограф, маммограф сынды қажетті техникалар алынады. Олардың 60 пайызы жеткізілді.

Атқарылып жатқан ауқымды шаруаның нәтижесін тұрғындардың арыздары арқылы көруге болады. 2017-мен салыстырғанда солтүстікқазақстандықтардан келіп түскен шағым саны 65 пайызға төмендеген.

Эльмира Садвокасова