Денсаулық сақтау

Өңірдегі медициналық мекемелер биыл 70 дәрігермен толықты

Өңірдегі медициналық мекемелер биыл 70 дәрігермен толықты. Мамандардың басым бөлігі Тараз, Шымкент, Алматы мен Ақтөбе қалаларынан келген. Бүгінде ақ халатты абзал жандардың 9-ы облыстық көпбейінді ауруханада қызмет етіп жүр. Жас мамандармен арна тілшісі Маржан Қасымбек жүздесіп, жұмыс барысымен, жасалған жағдаймен танысып қайтты.

Науқастардың қан қысымы мен дене қызуын тексеру, медициналық ақыл-кеңес беру. Облыстық көпбейінді аурухананың жас маманы Инабат Ермешеваның күнделікті жұмысы осылай басталады. 27 жастағы азаматша аса жауапты қызметке осыдан 1 ай бұрын кірісіпті.

Инабат Ермешева – облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-оториноларингологы:

– Мұнда тез үйреніп кеттік. Бөлімшедегі дәрігерлермен жақсы қарым-қатынастамыз. Ай емес, ұзақ уақыттан бері осында жүрген сияқтымын. 03:58 Амбулаторлық көмек көрсетпейміз. Асқынып келе жатқан ауруларды емдейміз.

Инабат Ермешева биыл Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік университетін жалпы медицина мамандығы бойынша аяқтапты. Жақында жұбайымен бірге өңірімізге қоныс аударған екен. Жолдасы да ақ халатты абзал жан. Ол облыстық балалар ауруханасында хирург болып жұмыс істейді екен. Бүгінде қос дәрігерге өздері еңбек ететін емдеу мекемелері тарапынан зор қолдау танытылуда.

Инабат Ермешева – облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-оториноларингологы:

– Жұбайымыз екеуіміз негізі стационарда жұмыс істеп көргіміз келді. Бірнеше қаланы таңдадық. Соның ішінде осы мекеменің бас дәрігері қатты ұнады. Көп ұсыныс айтты. Аурухана бізге көп көмек көрсетті. Пәтер мәселесін шешті. Маған 1 млн теңге қаражат берілді. Барлығы ұнап жатыр. Жағдайымызды жасауда.

Ал Әлия Қайсина Қарағанды медицина университетін тәмамдаған. Бүгінде жас дәрігер гастроэнтеролог болып қызмет атқарып жүр. Яғни, ішек-қарын ауруларын емдейді. Әлия ақ халат киіп, науқас жандарға көмек қолын созуды бала кезден армандапты.

Әлия Қайсина – облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-гастроэнтерологы:

– Мектепте білім алып жүрген кезде дәрігер боламын деп шештім. Сөйтіп, Қарағанды медицина университетіне түстім. Жоғарғы оқуды тәмамдаған соң, бойымда аздап қорқыныш сезімі болды. Жұмыс барысында қателіктер жіберіп алмаймын ба деп көп ойландым. Бірақ, іс барысында науқастарға көмектесе алатындығыма көзім жетті. Жұмыс істеп жүргеніме 1 айдай уақыт болды. Барлығы ұнайды.

Әлия мен Инабаттан бөлек, облыстық көпбейінді аурухана биыл тағы 7 маманмен толықты. Анестезиолог-реаниматолог, гастроэнтеролог, лор және терапевт. Жас мамандардың барлығына мекеме басшылығы 1 млн теңгеден табыс еткен. Онымен қоса, баспана мәселесін де шешіпті. «Нұр үстіне – нұр» демекші, қалалық әкімдіктен де 500 АЕК көлемінде жәрдемақы ұсынылған.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Келісімшартқа сәйкес, қайтарымсыз жәрдемақы алған дәрігерлер ауруханада кемінде 5 жыл қызмет атқарулары қажет. Одан соң, мамандар осында қалады, басқа мекемеге немесе өзге өңірге ауысады. Бұл – өз таңдаулары. Құжатта көрсетілген уақыт аяқталғанша тұрғын үй мәселесіне біз жауаптымыз. Яғни, пәтерақысын медициналық мекеме өтейді.

Айта кеткен жөн, биыл облыс ауруханалары мен емханаларына 70 дәрігер келген. Олардың басым бөлігі – оңтүстік өңірлердің тумалары.

Эльмира Садвокасова