МТРА жаңалықтары

Өңірде 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар

Жыл басынан бері өңірімізде 189 азамат мемлекеттік қызметші атанған. Оның 58-і басшылық лауазымға тағайындалып отыр. Арасында Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдері де бар. Әріптесім Дана Сәлімқызы  салада бұрыннан еңбек етіп жүрген және жақында қызметке тұрған жандармен тілдесіп, жауапты жұмыстың қыр-сырымен танысты.

Жерлесіміз Сергей Калякин мемлекеттік қызметте 2004 жылдан бері еңбек етеді. Артта қалған 15 жылда азамат бірнеше мекемеде жұмыс істепті. Бүгінде ол – Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары. Маманның сөзінше, жүктелген істі әрдайым жауапкершілікпен атқару қажет. Сонда ғана биік белесті бағындыруға болады.

Сергей Калякин – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Мемлекеттік қызметші болу оңай емес. Бұл қызмет ең алдымен адалдық пен жауапкершілікті талап етеді. Әрі бәріне төзе білу қажет. Өйткені, жұмыс барысында түрлі мәселелерге тап боласың. Сондықтан, осы салаға енді қадам басып жатқан жас әріптестеріме айтарым, қызметті төменгі лауазымдардан бастау қажет. Сонда ғана үлкен тәжірибе жинауға болады.

Бүгінде мемлекеттік қызметте білікті мамандармен қатар, кейінгі буын өкілдері де еңбек етіп жүргені мәлім. Олардың үздіктері былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадрлық резервіне алынды. Естеріңізге сала кетейік, резервке ену үшін 14 мыңнан астам қазақстандық өтініш білдірді. Алайда, қатысушылардың тек 300-інің бағы жанды. 2-уі – солтүстікқазастандық. Соның бірі – Асқар Баймұқанов. Бүгінде 26 жастағы жігіт облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарады.

Асқар Баймұқанов – СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

– Мен кадрлық резервке өту үшін бірнеше кезеңдік сынақтан өттім. Әрине, қиын болды. Дегенмен, бағым жанды. Осылайша мемлекеттік қызметші атандым. Өз басым Президенттің бастамасын, ойын қолдаймын. Болашақ – жастардың қолында. Жастар басқарушылық қызметтің қыр-сырын ерте меңгерсе, келешекте де нәтижелі, табысты жұмыс істейді.

Осы орайда Президент тілге тиек еткен меритократия түсінігіне толығырақ тоқталайық. Ол билікке білікті, білімді кәсіби мамандардың келуі дегенді білдіреді.

Гүлнәр Сәрсембаева – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Бүгінде мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесі құрылған. Ең бастысы үміткерлер тест тапсырып, жақсы ұпай иеленулері қажет. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 189 азамат мемлекеттік қызметші атанды. Оның 58-і басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Айта кетейік, өңірде 491 мемлекеттік орган бар. Онда 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.

Дана Ешкенова