ТЖ

Өткен аптада облыс аумағында 18 өрт оқиғасы тіркелді

Өткен аптада өңір аумағында 18 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1 адамды күйік шалды. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифинг барысында айтылды.

25-ші қыркүйек күні М.Жұмабаев ауданындағы Писаревка селосында қызыл жалын бас көтерді. Мұнда күндізгі 11-лер шамасында екі пәтерлі тұрғын үй отқа оранды. Тілсіз жау шарпыған аумақ 35 шаршы метрді құрайды. Өрттен баспана иесі зардап шекті. Ол төтенше жағдай кезінде мас күйде ұйықтап жатыпты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Булаев қаласындағы орталық ауруханаға 73-ші жылғы тұрғын жеткізілді. Үй иесінің өрттен басы, екі қолы күйген. Қазіргі таңда ауруханада емделуде.

Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 479 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың басым көпшілігі облыс орталығында орын алыпты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

–  Жыл басынан бері өрттен 35 адам қаза тапты. Оның – бесеуі бала. Былтырғы жылмен салыстырсақ, апта ішіндегі өрттің көбейгені анықталады. Ал, жылдың басынан қарасақ, өрттің саны 4 пайызға азайған.

Айта кету қажет, өрт оқиғасы көбінесе жеке тұрғын үй секторында орын алады. “Оның негізі себебі – тұрғындардың отты дұрыс қолданбауы”-, дейді мамандар.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай