Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да Аграрлық университет бой көтеруі мүмкін

Жергілікті университетке тиесілі жаңа корпустың құрылысы ағымдағы жылдың маусымында бастау алды. Учаскеде 35 адам еңбектенуде. Қазір жұмысшылар нысанның іргетасын қалап жатыр. Ғимараттың аумағы 2600 шаршы метрді құрамақ. Заманауи корпустың сәулет дизайны мен жабдықталуы егжей-тегжейлі ойластырылыпты. Сыйымдылығы 1500 адамды құрайтын оқу орны елдегі алдыңғы қатарлы университеттердікімен бірдей болмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Білім және ғылым министрілігі әр университет өз корпусын өзінің жеке қаржысына салуы қажет деген тапсырманы жүктеді. Бірақ, Үкімет дәл біздің өңірге республикалық бюджеттен нысан құрылысына қаражат бөлді. Корпус келесі жылы қолданысқа тапсырылады.

Өңірде теңдесі жоқ жоба құны – 7,1 млрд теңгені құрайды. Қомақты қаражаттың бір бөлігі 73 бірдей лабораторияның жабдықталуына қарастырылып отыр. Ғылыми жұмыстарды жүргізуге арналған бұл кабинеттерге техниканың барлығы Жапония, Германия мен АҚШ сынды елдерден алынбақ.

Ербол Исақаев – Kozybayev University басқарма төрағасының-ректордың міндетін атқарушы:

– Бұл қарапайым оқу зертханасы емес. Лабораториялар өңірдің экономикасына қажет ғылыми жұмыстарды жүргізуге бағытталатын болады. Мәселен, аграрлы саладағы зертханаларда топырақтың құнарлылығы, жемнің сапасы, ал, техникалық кабинеттерде машина жасау мен көлік құралдары зерттеледі. Медициналық блок толығымен 2 қабатқа жайғастырылады.

Университеттің жаңа корпусы жергілікті студенттердің санын тіптен арттыруға септеспек. Бүгінде солтүстікқазақстандық түлектер бұрынғыдай шет ел асуға ұмтылмайды. Себебі, сапалы білімді облыс орталығында да алуға болады. Нысан қолданысқа тапсырылғаннан кейін жоғарғы оқу орны тағы 10 мың студентті қабылдай алады. Жастарға енді жатақхана қажет. Бүгінде тапшылық 1600-ге жуық орынды құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 244 орынға шақталған жатақхананың құрылысы басталды биыл. Жыл соңына дейін аяқталады. 306 орынға шақталған жатақхананың құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, университеттің жанынан тағы бір студенттер үйін саламыз деген жоспар бар.

Мұнымен білім саласындағы елеулі өзгерістер бітпейді. Қазір жергілікті әкімдік Үкіметпен бірігіп аграрлы университет ашуды ойластыруда. Ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келе жатқан өлкеде мұндай жоғарғы оқу орны керек-ақ дейді өңір жетекшісі.

Бұл да өңір үшін маңызды әрі ауқымды жобалардың бірі. Халықаралық стандарттарға жауап беретін аурухана халық игілігіне 2022-де тапсырылады. Емдеу мекемесі қалтқысыз жұмыс істемек. Медициналық кешенде азаматы тексеріп, диагнозын анықтап, қайтадан аяққа тұрғызу циклі қарастырылған. Бұл – науқастарға арналған екі орындық палата. Жеке теледидар, кішігірім тоңазытқыш пен көпфункционалды төсек. Соңғысы бірнеше батырмамен жабдықталған. Жағдайың ушығып кетті ме, біреуіне басасын. Бірер сәттен соң, көмекке ақ халатты келеді. Мына экраннан дәрігердің қанша уақытта жеткенін де көруге болады. Яғни, әр қадам – бақылауда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Емдеу мекемесінде кол-орталық жұмыс істейтін болады. Ол медициналық кешеннің жүйесін толықтай басқарады. Яғни, су ақпай, жарық сөніп қалса, мамандарға хабар беру керек. Бүгінде бұл шаруамен біздің бөлім меңгерушілері айналысып жүр. Бірақ, дәрігер көңілін, уақытын мұндай ұсақ-түйекке бөлмеуі тиіс.

Иә, ауруханада тек науқастың жайы ғана емес, дәрігерлердің де жұмысына тиісті жағдай жасалмақ.

Кумар Аксакалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде дәрігерлер тамақтарын өздерімен тасиды. Астарын тез-тез, өз бөлмелерінде ішеді. Ал, жаңа ауруханада ақ халаттыларға арнайы асхана қарастырылған. Ұзын-сонар кезек қалыптаспайды, себебі мамандардың ауқаттануына арнайы уақыт бөлінеді.

Медициналық кешеннің құрал-жабдықтарына да тоқталмай кетпеуге болмайды. Аурухана 2 КТ, 2 Рентген аппаратпен қамтылады. Бастысы мұнда онкологияны емдеуге арналған желілік жылдамдатқыш орнатылмақ. Қазір мұндай қондырғы тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бар. Сәйкесінше, ем алу үшін жерлестеріміз өзге шаһарларға, тіпті шет елдерге кетіп жатады. Елді мекендерден шұғыл санавиация арқылы әкелінетін науқастардың жеткізу уақыты едәуір қысқармақ. Нысан аумағында тікұшақты қондыруға арналған алаң салынады. Айта кету қажет, медициналық қызметтердің барлығы тұрғындарға медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілмек.

Қабдрахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ғимараттың бір жақ қанатында – терапевтік, екіншісінде хирургиялық корпус орналасады. Үшінші және төртінші блок – онкологиялық және кардиологиялық болып бөлінеді. Аурухананың дәл ортасында ота жасау және жан сақтау бөлмелері шоғырланбақ. Ең алдында диагностикалық бөлімше орналасатын болады.

Көшенің ар жақ бетінде су жаңа инфекциялық аурухана тұрғызылуда. Құрылыс / дәл осындай жобаны еліміздің 3 мегаполисінде іске асырған BI Group компаниясына жүктелген. Жұмысшылар ғимарат қаңқасының 70 пайызын тұрғызып, ішкі өңдеуге көшкен екен. 200 орынға шақталған нысан ИВЛ аппараттары, оттегі концентраттары және компьютерлік томографпен қамтылмақ. Ғимарат нормаға сай таза және лас аймаққа бөлінеді. Әрі мұнда дезинфекциялық камера орнатылады. Ол дегеніміз жедел-жәрдем мамандары, олардың құрал-жабдықтары мен көліктері жаңа шақыруға шықпас бұрын, толық зарарсыздандырудан өтеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір Еуропа елдері карантин шараларын күшейтіп жатыр. Пандемия көршілес Ресейде де қайта бас көтеруде. Сондықтан, біз де бұндай сценарийге дайынбаз. Қажет болса 24 сағаттың ішінде төсек орындардың санын 1,5 есеге арттыра аламыз. Дәрігерлер сақадай-сай, препараттардың қоры жасақталды.

Одан бөлек, өңірдегі ИВЛ-аппараттары мен оттегі концентраттарының саны 3 есеге дейін көбейген.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова