МТРА жаңалықтары

Петропавлда “760greenkm” эко-марафон өтті

18 күнде 18 қала. Қазақстанда “760greenkm” эко-марафоны өтіп жатыр. Оны ұйымдастырушы жандар бүгінде еліміздің облыстарын аралап, орталықтарда 42 шақырымға жүгіруде және көшет отырғызуда. Мұндай шара жексенбі күні Петропавлда да жалғасын тапты. Оған салауатты өмір салтын ұстанатын жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.

Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Көкшетау. Эко-марафон қатысушылары 7 күн ішінде осы қалаларды артқа тастап, жексенбіде Петропавлға да жетті. Сағат таңғы – 7:30. Бұл уақытта алматылық 3 азамат шаһардың орталық алаңында тұр. Оларға жүгіруді жаны сүйетін солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер қосылуда.

Аблан Сейпиев:

– Марафон жайлы маған жақын досым айтты. “Instagram” парақшасын жіберген болатын. Күнде 42 км жүгіру қиындау. Оған мықты дайындық керек. Өзім ең көп дегенде 21 км жүгіргем. Осыны естігенде қуанып келдім.

Көп ұзамай эко-марафон басталып та кетті. Акция қатысушылары ең алдымен Конституция көшесі бойымен жүгіріп өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев көшесіне бұрылды. Бастапқыда топтың қарқыны баяу болды. Бірақ уақыт өте марафоншылардың жылдамдығы артты. Ережеге сәйкес, олар әр 7 шақырымнан соң, 30 секунд дем алулары қажет.

Ғалым Чуашев – «760greenkm» эко-марафон қатысушысы, Алматы қаласы:

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – халқымыздың назарын экологияға аудару. Өйткені, Қазақстанда экологиялық проблемалары жоқ, қала жоқ. Әр марафонда адамдар қолдауын көрсетіп, бізбен бірге жүгіріп өтті.

3 сағат болмай марафон қатысушылары 42 шақырымды еңсерді. Шара соңында олар “Оқушылар сарайы” мен “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамы ғимаратының жанына көшет отырғызды.

Ғалым Чуашев – «760greenkm» эко-марафон қатысушысы, Алматы қаласы:

– Экология мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Біз кім, қандай адам болсақ та, бәріміз бір ауамен тыныстаймыз. Балаларымыз таза қалада өссін десеңіздер, оны қазір ойлау керек. Әр адам бір көшеттен отырғысса, қиын емес.

Ғалым Чуашев, Дмитрий Ким және Айдын Садибековтар – әуесқой спортшылар. Олар 18 күнде 18 шаһарды аралап, 42 шақырымдық эко-марафон өткізбекші. Жігіттер бүгін шараны Қостанай қаласы да ұйымдастырды. Ал ертең Ақтөбеге жол тартпақ.

 

 

 

Маржан Касымбек