Спорт

әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай шахматтан халықаралық турнир өтті

Саят Айдарбек халықаралық турнирге алғаш қатысып, Қазақстанның намысын қорғады. Ол 7 жасынан шахмат ойнайды. Оқушыға ойдың жүйріктігі мен қолдың шапшаңдығын талап ететін ойынды асыл әжесі үйретіпті. Талай жылдық тәжірибенің арқасында Саят бұған дейін бірнеше мәрте мектепішілік, қалалық жарыстарда топ жарған екен.

Саят Айдарбек – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы:

– Жарысқа күніне екі рет дайындалдым. Және ауылға барып, әжеммен дайындалдым. Осы жарысқа дейін өзіміздің шахмат клубымызда блиц турнир өтті. Сол турнирден орын алып, осы сайысқа өттім.

Есімі бүкіл әлемге әйгілі ұлы тұлғаның мерейтойына арналған сайыста 300-ге жуық адам бақ сынады. Олар 17 елдің намысын қорғады. Айта кету қажет, бұл турнир жас талғамайды. Оған 6-дағы бала да, 60-тағы зейнеткер де қатыса алды. “Бастысы, компьютердің тілін түсініп, шахмат ойнай алса болғаны”,- дейді білікті жаттықтырушы Татьяна Тулупова.

Татьяна Тулупова – шахмат жаттықтырушысы:

– Халықаралық онлайн турнирге Иордания, Мексика, Германия, Египет сынды 17 елдің өкілдері қатысты. Қазақстанның намысын Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қостанай және Петропавл қаласының ойыншылары қорғады. Сайыс швецар жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысының құрамы 12 адамнан тұрады. Қызу дайындық жүргіздік.

Облыс құрамасы мектеп оқушылары мен студенттерден тұрады. Осы орайда көкейде неге шахмат турнирі ұйымдасырылды деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сауалға қалалық “әл-Фараби” мектеп-лицейі директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жауап берді.

Зәуреш Жиентаева – “әл-Фараби” мектеп-лицейі директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Шахматтың жетекшілері өте көп. Қатысатын оқушылардың саны да көбірек. Сондықтан, спорттық ойындардың ішінде бірінші шахматтан бастауды жөн көрдік.

Халықаралық турнирдің қорытындысына тоқталайық. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 1-ші орынға ие болды. Естеріңізге сала кетейік, бұл дода осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқысы ағымдағы жылдың маусым айында ұйымдастырылған болатын. Онда отандастарымыз 3-ші орынды еншілепті.

 

 

 

Казиканова Алтынай