МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында кәсіпкерлік саласы дамып келеді

Сергей Векерле – 28 жаста. Ол бизнес саласына осыдан 2 жыл бұрын аяқ басты. Қазір азаматтың Аққайың ауданының орталығы Смирново селосында көтерме сауда дүкені бар. Жерлесіміз ауыл тұрғындарына тауарды арзан бағада сатамын дейді.

Сергей Векерле – кәсіпкер, Аққайың ауданы:

– Бастапқы кезде қиын болды. Себебі, тауар жеткізушілердің көбі азық-түлікті төмендетілген бағамен бергісі келмеді. Олар арзандатылған дүниелеріміз тез сатылмай, дүкенде тұрып қалады деп ойлады. Бірақ, біз сөредегінің барлығын саудалап, серіктестерімізге ісіміздің алға басатындығын дәлелдедік. Бүгінде тапсырыс қабылдаушы жандардың саны артып келеді.

Алғашқы кезеңде дүкен шағын ғана болыпты. Ал қазір нысан біраз жерді алып жатыр. Ғимараттың ауданын кеңейту үшін азамат мемлекеттің көмегіне жүгінген екен. Жерлесіміз осыдан 1 жыл бұрын төмендетілген үстемеақымен 6 млн теңге несие алған. Бұл ақшаға сауда орнына жөндеу жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Дүкенге ағайын жиі келеді. Олар мұнда азық-түліктің бағасы қалта қақпайды дейді.

– Керек нәрсенің бәрін осы жерден табамыз. Бағалары арзан.

 – Өте ыңғайлы. Қалаға барудың қажеті жоқ. Азық-түлік алу үшін осында ғана келемін.

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей Сергей өз мақсатына біртіндеп жетпекші. Ол бүгінде дүкенінде сатылатын тауар түрлерін көбейтуде. Ал алдағы уақытта нысанның маңына балалар алаңқайын тұрғызғысы келеді.

Смирново селосындағы мейрамхана да былтыр өз жұмысын бастады. Оны Тілеген Хамзин есімді азамат ашты. Ауылда кәсіп бастауға жерлесіміздің қалтасындағы қаражат жетпепті. Сондықтан 5 пайыздық үстемеақымен несие рәсімдеген екен. Пандемияға байланысты қазір мұнда ауқымды іс-шаралар өткізілмейді. Бірақ, жұмыс жүріп жатыр. Мейрамхана өкілдері тапсырыс бойынша адамдарға тамақ жеткізеді.

Тілеген Хамзин – кәсіпкер, Аққайың ауданы:

– Ас мәзірінде көрсетілген кез-келген тағамды жеткіземіз. Ауылдағы ағайын жаңа қызмет түріне үйренгенше, тамақты тегін жеткізіп тұрдық. Қазір азаматтар бұл қызмет үшін қосымша 500 теңге төлейді. Ол үшін арнайы көлік сатып алып, жүргізуші де жалдадық. Барлық санитарлық талаптарды сақтаймыз. Қауіпсіздік – бірінші орында.

Бүгінде қоғамдық тамақтану орнында 10 адам жұмыс істейді. Жалпы, биыл Аққайың ауданында 42 кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1 млрд теңгеден астам несие рәсімдеп, бизнес бастаған немесе ісін кеңейткен. Бүгінде олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылы, қызмет қызмет көрсету салаларында табысты еңбек етіп жатыр.

 

 

 

Бердимурат Баймухан