МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

Жедел жәрдем орталығы жаңа 18 қызметтік көлікпен толықты

Облыстық жедел медициналық көмек орталығы / жаңа 18 қызметтік көлікпен толықты. Арнайы машиналардың бір ерекшелігі – барлығы ИВЛ құрылғысымен қамтылған. Қараша айында мұндай заманауи темір тұлпарлардың өңірге / тағы 20 данасы жеткізілмек.

Науқастың дертіне шипа табуға асығатын дәрігер үшін әр секунд маңызды. Әсіресе, коронавирусқа қатысты жағдай ушыққан кезде жедел жәрдем қызметкерлеріне қоңырау көптеп түсті. Мамандар олардың әрқайсысына көмек қолын созуға тырысты. Оларға бұл жауапты миссияны жылдам әрі абыроймен атқаруда ең алдымен білімінің, екіншіден зуылдаған техниканың көмегі тиеді.

Асхат Өтебаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының бас дәрігері:

– Бүгінде облыс бойынша 31 бригада жұмыс істейді. 17-сі – қалада, қалғаны – аудандарда. 4-ші категория бойынша өңірде тағы 21 бригада қызмет етеді. Оның да жартысы қалалық ауруханаларда болса, қалғаны – аудандарда.

Міне, бүгін облыстық жедел медициналық көмек орталығының автотұрағы тағы 18 көлікпен толықты. Ерекшелігі сол – машиналардың барлығында ИВЛ құрылғылары бар. Заманауи қондырғының көмегімен салмағы небәрі 500 граммды құрайтын сәбидің тынысын жақсартуға болады екен. Денсаулық сақтау саласында 6 жылдық тәжірибесі бар Шыңғыс Дәулетбаев төрт дөңгелекті техниканың басқа да тиімді тұстары көп дейді.

Шыңғыс Дәулетбаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:

– Машинада дефибриллятор бар. Оның көмегімен жүрек жұмысын жақсарта аласың. Көлік өте биік. Ішінде тік тұруға болады. Орын да көп.

Су жаңа жедел жәрдем көліктері Алматы қаласында жинақталған. Темір тұлпарлар ауа райының қолайсыздығына қарамастан діттеген жеріңе тез жеткізеді. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов көліктермен танысу барысында олардың сапасы мен жарақталуына жоғары бағасын берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 3 жылда біз денсаулық сақтау саласына 82 машина сатып алған едік. Жедел жәрдем қызметіне бүгінде 41 көлік бар. Соның 10-ы – заманауи машина. Әлем стандартына сай 10 мың адамға 1 машина керек екен. Биыл денсаулық сақтау саласына 56 млрд теңге бөлінді.

Қарашаның 1-іне дейін өңірде дәл осындай заманауи көліктердің тағы 20 данасы жеткізіледі. Медициналық темір тұлпарлар аудандарға жөнелтіледі.

 

Маржан Касымбек