Мәдениет

Жас қылқалам шеберлері салған суреттердің көрмесі өтуде

Картиналардағы сұлулықты жүрегіңмен сезін. Облыстық бейнелеу өнері музейінде жас қылқалам шеберлері салған суреттердің көрмесі өтуде. Шарада паш етілген 24 туынды / сатылады.

Көрме залындағы атмосфера ерекше. Мұндағы туындыларға қарап ғажайып әлемге түскендей сезімде боласыз.
Мәселен, мына суретті Нәзира Сәдуақасова салған екен. Жас қылқалам шебері бұл еңбегімен адамдарға қарапайым жапырақтың да өзіндік сұлулығы бар екенін жеткізгісі келіпті.

Нәзира Сәдуақасова – жас суретші:

– Жаңа технологиялар заманында адамдардың назарын осындай қарапайым заттарға аударғымыз келеді. Әлемнің қаншалықты көркем екендігін темірге қарап емес, осындай дүниелер арқылы білуге болады. Туындылар жан-дүниеңізге жылулық пен сән береді деген үміттеміз.

Картиналардағы сұлулықты сырттай қарау жеткіліксіз. Суретте жасырынған сырды түсіну үшін облыстық бейнелеу өнері музейіне келіп, туындыларды өз көзіңізбен ташалауыңыз керек.
Мұнда табиғат көріністерінен бөлек, қазақтың батыр қыздары да бейнеленген.

Әлия Мұқышева – жас суретші:

– Бір картинаны салуға кем дегенде 2 апта уақыт кетеді. Ол суреттің өлшемі мен қиындығына байланысты. Егер майлы бояулар қолданылатын болса, туындыны әзірлеуге айлап уақыт жұмсалады.

Жалпы, көрмеге 24 картина ұсынылған. Әлия мен Нәзира салған суреттер сатылады екен. Қос суретші жиналған қаражатты «Милосердие» қайырымдылық қорына аударуды ниет етіп отыр. Осылайша, шетелде ем алатын балаларға қолдарынан келгенше жәрдем бермек.

 

 

Маржан Касымбек