Қоғам

Өңірдің іскер әйелдері жұмыстарын қорытындылады

Пандемия жарияланған кезде қоғамымыз сынға түсті. Төзімділік пен ұйымшылдық таныту қажет болды. Бұл сыннан өңірдің іскер нәзікжандылары сүрінбей өтті. Олар өз кәсіптерінің тұтқасын ұстап қана қоймай, қысылтаяң шаққа қарамастан қоғам үшін пайдалы іс атқарды. Жергілікті іскер әйелдер қауымдастығы бүгін осы уақытта тындырған жұмыстарын бір қорытындылап алды.

Бұл кадрлар былтыр өткен “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңінде түсірілді. Зал көрерменге лық толы. Ал сахна төрінде – сайыста топ жарған үлгілі жанұялар. Биыл дәстүрлі конкурс індетке байланысты дәстүрден тыс форматта өтті: яғни қатысушылардың саны шектелді, тренингтер мен семинарлар онлайн форматта ұйымдастырылды. Мұның бәріне облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жауапты болды.

Алла Писаренко – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– “Мерейлі отбасы” байқауы барысында психологиялық тренингтер мен семинарларды онлайн форматта өткіздік. Оған қатысушыларымыз белсене ат салысты. Біраз уақыт өткен соң шектеу шаралары жеңілдетілді. Мұны пайдаланып біз аудандарға шықтық. Аудан орталықтарында отбасылық құндылықтарды нығайту, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жиындар ұйымдастырдық.

“Осындай шаралардан байқау қатысушылары түрлі кеңес алып, білімдерін толықтырып, оқуға, спортқа деген ынта-жігерлерін арттырады”,- дейді іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері.
Алла Писаренконың айтуынша қатаң карантин кезінде өңірдің кәсіпкер нәзікжандылары қоғам үшін біраз істің басын қайырған. Маскаларды тегін таратқан, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізіп отырған. Бұл жергілікті іскер азаматшалардың ұйымшылдығын білдіреді.
Жалпы, бүгінде облыстық іскер әйелдер қауымдастығына 350-ден астам адам мүшелік етеді.

 

 

Ешкенова Дана