Қоғам

Биыл Петропавлда тегін 45 автотұрақ салынды

Биыл Петропавл қаласында 45 тегін автотұрақ салынды. Назарбаев көшесінің бойында тұрып жатқан жерлестеріміздің қуанышында шек жоқ. Олар, тіпті, өз қаражаттарына көлік тұратын орынның маңын қоршап, бейнакамера орнатып қойған екен.

Бұл Назарбаев көшесіндегі аулалардың бірі. Бұрын мұнда шөп өсіп, қоқыс шашылып жататын. Сондай-ақ, көлік қоятын орын болмаған дейді тұрғындар. Жазда аталған аумаққа су жаңа автотұрақ салынды.

– Бұрын машиналардың көптігінен балаларымыз үй маңында ойнай алмайтын. Қазір бұл мәселе шешілді, қауіп сейілді.

– Ауламыз жаңара сала көршілер де сыртта гүл отырғызып, маңайды апта сайын тазалап тұруды әдетке айналдырды. Мұндай әдемі ауланы таза ұстамасқа болмайды.

Сондай-ақ, жергілікті әкімдік өкілдері ауланың 2 тұсына шлагбаум орнаттық дейді.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Шлагбаум пульт арқылы басқарылады. Мұндай құрылғы осы үйдегі көлік тізгіндеген әр тұрғынның қолында бар. Егер маңайға жедел жәрдем көлігі, полицейлер немесе өрт сөндіру машинасы келсе қасында орнатылған бейнекамера олардың нөмірлерін оқып, автоматты түрде жол ашады.

Өрт сөндіру, жедел жәрдем мен полицейлер көлігінің нөмірлерін әлі базаға тікеудеміз дейді ПИК төрайымы Рашида Морозова. Алдағы уақытта аталған қызмет өкілдерінің барлығы шлагбаумнан кедергісіз өте бермек.

Рашида Морозова – ПИК төрайымы:

– Тұрғындар бірігіп қалалық әкімдікке хат жаздық. Мәселенің мән-жайын түсіндірдік. Мұнда апатты жағдайда тұрған ағаштар да болды. Соны айттық. Өтінішіміз қаралған соң мамандар келіп құлағалы тұрған желектерді кесіп, автотұрақ салып берді. Маңына жарық та орнатты.

Автотұраққа 27 көлік сыяды. Қала тұрғындары бұл бағытта аянып қалмадық дейді. Олар 700 мың теңгеден аса қаржы жинап көлік қоятын орынды қоршаған. Және баспананың маңына 5 дана бейнебақылау камерасын орнатыпты. Міне, бұл да жерлестерімізге үлгі болардық істердің бірі. Ал қалалық әкімдік өкілдері автотұрақ салу жұмыстары бұнымен тоқтап қалмайды дейді.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

–  Аулаларды аббаттандыру жұмысы жалғасуда. Бүгінге дейін 44 аулаға осындай автотұрақ салынды.

Мамандар аталған шаруа келесі жылы да жалғасын табады дейді. Қазіргі күні олар тұрғындардың өзге де өтініштерін қарастырып, жаңа жоспар әзірлеу үстінде.

 

 

 

Бердимурат Баймухан