Құқық қорғау органдары

СҚО-да алимент төлемеген жандар іздестіріліп жатыр

Өңір тәртіп сақшылары арнайы акция ұйымдастырып, алимент төлемеген , айыппұлын өтемеген, жақындарынан байланыс үзген жандарды іздестіруде. 3 күндік шараның нәтижесінде полицейлер 13 адамның тұрғылықты мекен-жайын анықтаған.

Мына үйде 47 жастағы қала тұрғыны қағаз жүзінде тіркелген, іс жүзінде тұрмайды. 4 жылдан бері қаршадай қызына алимент төлемепті. Қазір әкелік қарызы 2 млн теңгеден асады. Бүгін бұл азаматты қөші-қон қызметінің мамандары іздеп келді. Тексере келе, көрсетілген мекен жай бойынша тұрмайтыны анықталды. Полицейлер енді оның жаңа тұрағын іздемекші.

Ғафур Нұрпейісов – СҚО сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары:

– Борышкер адам көрсетілген мекен-жайда тұрмаса, біз акті толтырып, ол кісіні іздеу жайлы қаулы шығарамыз. Кейін прокурордың рұқсатымын іздеу амалдары бастау алады. Яғни, іске көші-қон қызметінің мамандары араласып, азаматты жан-жақтан іздестіреміз.

Бүгінде облысымызда бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген 16 жан тұрады. Борышкерлерді полицейлер іздестіріп жатыр. Сондай-ақ, мамандар туыстық қарым-қатынасты үзген 17 тұлға мен қарызы бар 32 адамның ізіне түскен. Жақында Уәлиханов ауданының тәртіп сақшылары 2018 жылдан бері әкелік парызын орындамаған 36 жастағы ер адамды қолға түсірді. Ол ұлына деген алиментті төлемей Ресейдің Омбы қаласында жүрсе керек. Аталған фактіге қатысты материал жиналып, сотқа жіберілді.

Еділ Қазиев – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Алимент төлемей жүрген жандардың көбісі басқа елдерге кетіп қалады. Борышкер белгілі бір мемлекетте жүр деген ақпарат алсақ, халықаралық іздеу жариялаймыз. Бастамаға шетелдік әріптестеріміз қолдау танытып, көмектеседі.

3 күндік акция барысында алимент төлемеген – 7, өзге жанға қарызы бар – 5 және туыстық қарым-қатынасты үзген 1 адамның тұрғылықты мекен-жайы анықталған.

Бисенова Жанна