МТРА жаңалықтары

Петропавлда балалар алаңқайлары салынып жатыр

Облыс орталығында биыл 60-қа жуық балалар алаңқайын салу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 29-ы қолданысқа тапсырылыпты. Әкімдік өкілдерінің айтуынша қай жерге ойын алаңы қажет – ол тұрғындардан келіп түскен өтініштердің негізінде анықталады екен. Бұл мақсатта, тіпті, арнайы комиссия құрылған.

Оксана Бабич Назарбаев көшесіндегі 197-ші үйде 5 жылдай тұрады. Сөзінше, бұрын баспананың алдында ескі ағаш әткеншектерден басқа еш нәрсе болмапты. Ойын баласына арналған жабдықтардың жоқтығынан жеткіншектерге көрші аулаға баруларына тура келген. Ол жерде де бала аз емес, әткеншек бәріне бірдей жетпейді. Енді жағдай оңалады. Өйткені, дәл осы үйдің алдынан су жаңа ойын алаңқайы салынып жатыр.

Оксана Бабич – қала тұрғыны:

– Бірнеше жыл бойы қалалық әкімдікке өтініш білдіріп, балалардың ойын алаңын салып беруді сұраған едік. Биыл бұйымтайымыз орындалып отыр. Өзімнің екі қызым бар. Енді аулаға шығып, осы жерде жиі серуендейтін боламыз.Бізге қуаныш сыйлаған жандардың барлығына тұрғындардың атынан алғыс білдіремін.

Жұмысты “STRONG SERVISE” серіктестігі атқаруда. Алаңқай көпшілікке таныс әткеншектерден, сырғанақтар мен құм жәшіктері сынды дүниелерден тұрмақ. Балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Аумақ алдағы уақытта арнайы материалмен қоршалмақ. “Мұндай алаңқайлардың қай жерге орнатылатындығы тұрғындардың өтініштері негізінде анықталады дейді”, – қалалық әкімдік өкілдері.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

–  Аулалардың кезегімен қала тұрғындары қалалық әкімдіктің ресми сайтында таныса алады. Айта кету керек, соңғы 2 жылда тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша қала әкімі Болат Жұмабеков арнайы комиссия құрды. Оның құрамында ТҮКШ бөлімінің қызметкерлерімен қатар, ПИК төрағалары да бар. Олар бірлесіп, өтініштер бойынша мекен-жайларға барып, тізімді құрған.

Жалпы, биыл Петропавлда 58 балалар алаңқайын салу жоспарланып отыр. Бүгінге дейін оның 29-ы тұрғызылып, халық игілігіне тапсырылыпты. Қалған шаруа қыркүйек айының соңына дейін аяқталмақ.

Жанна Бисенова