Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығында іскер әйелдердің форумы өтті

Еңбегі жанған арулар. Облыстық кітапханада осындай атаумен  іскер әйелдердің форумы өтті. Жиында пандемияға қатысты жарияланған қатаң карантин кезінде қоғам игілігі үшін ілкімді іс атқарған қыз-келіншектер марапатталды. Бүгін 10-нан астам нәзікжандыға облыс әкімінің дипломы мен алғыс хаты табыс етілді.

“Ел болам десең, бесігіңді түзе”,- деп Мұхтар Әуезов айтқандай, сол бесікті тербетіп, үйдің берекесін сақтап отырғандар – нәзікжандылар. Олар – ошақтың отын сақтаушы ғана емес, сонымен қатар, табысты кәсіпкерлер, саясаткерлер, басшылар. Осы орайда әйел адамдардың бизнес саласындағы еңбегін ерекше атап өткен жөн,- дейді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қай қоғамда болсын, әйелдердің арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда әйелдер іскерлігінің жөні бөлек. Заманауи әйел – отбасы мен қызметті қатар алып жүрген тұлға.

Бүгінгі форумға әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор жандар жиналған. Солардың бірі – Мархабат Кенжебаева. Оның Айыртау ауданына қарасты Кирилловка ауылында шағын құс фермасы бар екен әрі мал шаруашылығымен де айналысады. Нәзікжанды өңірге отбасымен осыдан 5 жыл бұрын Қызылорда облысынан көшіп келіпті. Сөзінше, өз кәсібін 100 балапаннан бастаған.

Мархабат Кенжебаева – “Кенжебаева М.К.” ЖК басшысы, Айыртау ауданы:

– Өзіміздің қазымыз бар. Соны инкубаторға салып, күтіп сатамыз. Және ол қаздың ұлпасынан қолмен жастық істейміз. Сиырды сауамыз. Оның сүтін тапсырамыз және май, құрт, ірімшік істеп сатамыз.

Елена Семидоцких – флорист. Оның гүлдерге деген сүйіспеншілігін анасы оятыпты. Қазір өзінің шағын гүл дүкені бар. Кәсібін 10 жыл бұрын бастаған. Айтуынша, қалада бұл салаға қатысты бәсекелестік жоғары болғанымен тұрақты келушілері көп екен. Тіпті, қатаң карантин кезінде де гүл сатып алушылардың қатары сиреген емес.

Елена Семидоцких, флористика студиясының директоры:

– Біздің тұрақты клиенттеріміз бар. Олар карантин кезінде де аналары мен әжелеріне, келіншегі мен қызына гүл алуға жиі келіп тұрды. Бизнесіміз бәсеңдеген жоқ. Сондай-ақ, біз де өз тарапымыздан қоғам үшін пайдалы іс атқаруды жөн санап, еріктілікпен айналыстық. Тұрғындарға бетперде тігіп, оны тегін тараттық.Жағдайы төмен жандарға азық-түлік өнімдерін жеткізіп отырдық.

Жалпы, бүгінде өңірде бизнес саласында еңбектеніп жүрген жандардың 70 пайызын қыз-келіншектер құрайды.

Казиканова Алтынай