Қоғам

Қоғамдық кеселмен бірлесіп күресу керек

Бұл – облыстық кітапхана қабырғасында өткен жиынның басты тақырыбы. Шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мамандары мен партиялардың өңірдегі өкілдері бас қосты. Қос тарап  ауыз бастырық пен көз қыстылықты түбегейлі жоюдың жоспарын құрды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр.

Проблеманы шешуге барлығы тырысып-ақ жатыр. Мемлекеттік органдар, партия өкілдері мен қарапайым халық. Алайда, жұмысты әрбірі өз бетінше атқаруда. Нәтиженің жоқтығы немесе аздығы да сондықтан. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігетін сәт жетті дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

–  Партиялар өз бағытында халықпен қарым-қатынас жасайды. Әр партияның жемқорлыққа қарсы өздерінің бағдарламалары бар. Бүгін олардың қаншалықты тиімді жүзеге асып жатқанын қарастырып, бірге қандай шаруа атқара алатынымызды талқылаймыз.

Бірлескен шаруаның нәтиже беретінінде күмән жоқ. Үлгі – жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен еліміздің бас партиясының тығыз жұмысы. Агенттік мамандары мен нұротандықтар мониторингілік топқа мүшелік етеді. Азаматтар өңірде салынып жатқан баспана, мектеп, жөндеуі аяқталған жолды тексереді. Яғни, бөлінген қыруар қаражаттың шын мәнісінде қалай игерілді – соны анықтайды. Жүздеген млн-ның тапсырысын алып, істі жүрдім-бардым атқарғандар енді оңайлықпен құтылмайды. Биылдың өзінде асфальт төсейтін компаниялардың біраз былығы шықты.

Болат Данияров – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Мониторинг барысында кемшілік анықтасақ, біз мердігерлерге “сіздердікі дұрыс емес” деп айта алмаймыз. Біз арнайы сарапшыларды шақырамыз. Олар жүріп жатқан істі тексереді. Олқылықтар бойынша ұсыныстар беріледі.

Мұнымен қоғамдық бақылау бітпейді. Мониторингілік топ өкілдері белгілі бір мерзім өткеннен кейін, олқылықтың түзелген-түзелмегенін қайта тексереді. Сәйкесінше шаруаны өзге саяси ұйымдар да атқарып жатыр, бірақ өз беттерінше. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жергілікті жердегі төрағасының сөзінше олар шараларға жиі шақырылмайтын көрінеді. Нәтижесінде жемқорлықтың себеп-салдарымен өздері күресіп әлек.

Владимир Андриевский – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы СҚОФ төрағасы:

– Біз аудандарға жиі барамыз. Айта-айта жауыр болған жолдардың сапасын тексереміз. Кемшіліктерді көрсек, прокуратураға хабар береміз. Аграрлы салада да шешімін таппаған сұрақтар бар. Қазір шаруалармен кездесулер ұйымдастырып жатырмыз.

Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері партиялардан бөлек, белсенді азаматтар мен қарапайым халықты да қоғамдық бақылау жүргізуге шақырады.

Эльмира Садвокасова