Энергетика

Энергетиктер кезекті баспасөз-турын өткізді

Петропавл мен 8 бірдей ауданды жарықпен қамтамасыз етіп отырған Электр желілік таратушы компания соңғы 2 жылда ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде электр энергиясын тарату сапасы біршама артады дейді мамандар. 2-ші ЖЭО-да да жылу-электр орталығында апат санын азайту мақсатында қазандықтар мен турбиналар жөндеуден өтіп жатыр.

Баспасөз туры жылу электр орталығында орналасқан қазандық цехынан басталды. Биыл мұнда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мәселен, №4, 5-ші және 6-шы қазандық агрегаттары күрделі жөндеу көрді. Соңғысының бу трактісі жаңаланған. Атқарылған шаруаның арқасында апат саны азайып, жылу энергиясы үнемделеді. Тағы, қазандық агрегаты автоматты басқару жүйесіне ауыстырылды. Бұл компьютер жабдықтарының істен шығуына жол бермейді екен.

Виктор Бармин – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– Сонымен қатар, үстіміздегі жылы 12 қазандық пен 7 турбинаны жөндеу жоспарланған болатын. Бүгінде турбиналардың барлығы қайта қалыпқа келтірілді. Ал қазандықтардың 8-і жөнделді. Қалғанын осы айдың соңына дейін жөндеп, іске қосамыз.

Орталықта 35 және 110 кВт-тық ашық тарату құрылғысы қайта құрылды. Жақында жоспарланған тағы біраз шаруа тындырылады. Нәтижесінде энергетиктер қауырт маусымға сақадай сай болмақ.

Игорь Татаров – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:

– Қаламызда жылу беру маусымы өткен жұмада басталды. Қазір Петропавл 2-ЖЭО-ның қоймаларында 20 күндік көмір және мазут қоры бар. Нақтырақ айтсақ, қоймаға 180 мың тонна қара отын мен 500 тонна мазут жеткізілді. Сондай-ақ, қазаннан бастап ай сайын 600 тонна әлеуметтік мазут сатып алатын боламыз.

Электр желілік тарату компаниясында да қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы орталық “SKADA” автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесімен жабдықталды. Ауқымды шаруа 2008-де басталып, 3 кезеңмен жүргізіліпті.

Виталий Фесько – “СҚ ЭТК” АҚ бас инженері:

– Бірегей жүйе орын алған ақауларды жедел анықтауға, тез арада реттеуге көмектеседі. Егер қосалқы станцияның бірінде жұмыс тоқтап, тұрғындар жарықсыз қалса, орталықтағы диспетчерлерге 1 минуттың ішінде ақау жайлы хабар келеді. Осы сәтте маман резервтегі станцияны іске қосып, уақытша электр энергиясымен қамти алады. Кейін апат орын алған жерге бригаданы жібереді. Ал бұрын ақауды түзегенше адамдар жарықсыз отыратын.

Жалпы, СҚ Электр желілік таратушы компаниясының қызметін 8 бірдей аудан мен Петропавл қаласының тұрғындары пайдаланады. Баспасөз-туры барысында кәсіпорындағы қосалқы станциямен де таныстық. Биыл мұндағы 10 кВ-тық тарату құрылғысы жаңғыртылды. Алдағы уақытта қуатты 2 трансформатор жаңасына ауыстырылады. Нәтижесінде қатарға жаңа тұтынушылар қосылады.

Дана Сәлімқызы