МТРА жаңалықтары

Қала әкімі Болат Жұмабеков журналистермен кездесті

Петропавлда ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа көпқабатты баспаналар бой көтеріп жатыр. Тегін тұрақтар салынып, жолдар жөнделуде. Қала әкімі Болат Жұмабеков журналистерге атқарылып жатқан шаруа барысы мен келер жылға жоспарды баян етті.

Енді Петропавлда жер үйлер ғана емес, Кеңес одағы кезінде бой көтерген көпқабатты баспаналар да сүрілетін болады. Бұл қаланы одан әрі көркейту, тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында атқарылмақ. Бүгінде шаһарда 118 ескі көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 19-ы ресми түрде апатты деп танылып отыр.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Келер жылы 14 бюджеттік үй тұрғызу бойынша жоба әзірледік. Енді тағы 3 баспананың жобасы қарастырылып жатыр. Осылайша барлығы 17 жобалық-сметалық құжат келесі жылы ұсынылады. Барлық олқылықтарды ескеруге тырысамыз. Мәселен, бұрындары  құрылысшылар ғимаратты уақытында тапсырғанымен, “Жылу желілері” кәсіпорны өздеріне жүктелген міндетті орындау мерзімін созып жіберетін. Енді біз осы екі жұмысты біріктіргіміз келеді.

Сондай-ақ, қала әкімі соңғы уақытта петропавлдықтардың арасында қызу талқыға түскен қоғамдық көліктерге де тоқталды. Атқамінердің сөзінше, бүгінде бағыттарды оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада облыс орталығына Қостанайда жиналған жаңа автобустарды сатып алу жоспарланып отыр екен. Ал жол ақысына келетін болсақ, тариф, әзірге, сол қалпында қалады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Шаһарда 2017 жылдан бері жол жүру құны өзгерген жоқ. Дегенмен, Қазақстанның өзге қалаларындағыдай біздің автобустар да электронды билеттеуге көшпек. Сонда ғана жол ақысы өсуі мүмкін. Яғни болашақта қолданысқа арнайы карталар енгізіледі. Оны пайдаланатын тұрғындар үшін жол жүру бағасы 80 теңге көлемінде болып қала береді. Қолма-қол төлем жасалған жағдайда 130 теңге төлеу қажет.

Сондай-ақ, биыл қалада 19 тегін автотұрақ салынды. Алдағы уақытта бағдаршамдар да қалыпқа келтірілмек. Тағы шаһар басшысы көшелердің кеңейтілуіне қатысты мәселеге де тоқталып өтті. Әсіресе, Крепостная көшесінің тарлығына қатысты сұрақ көп түсетін көрінеді. Болат Жұмабеков бұл көшені кеңейту үшін 80 үйді бұзуға тура келетінін айтты. Және аталған мақсатқа кемінде 300 млн-ға жуық қыруар қаржы қажет екен. Бұл мәселенің шешімі – келешектің еншісінде.

Дана Ешкенова