Мәдениет

Абайдың 175 жылдығына арналып балалар суреттерінің көрмесі өтуде

Дара, дана Абайдың әлемі – балалардың көзімен. Облыстық бейнелеу өнері музейінде ұлы ақынның 175 жылдығына арналып  суреттер көрмесі өтуде. Көптің ішінен  іріктеліп алынған туындылардың авторлары – жас суретшілер.

Көрмеге қойылған әр туындының өзіндік ерешелігі бар. Мәселен, мына суретте шығармашылықпен айналысып отырған Абай Құнанбаев бейнеленген. №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы Ольга Болдарева бас ақынды айнытпай салған екен. Бұл жерде ұлы тұлғаның өзінен бөлек, өлеңдеріндегі ой-толғаулар, табиғат көріністері де кескінделіпті.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Мына бір туындыға қарасаңыз, ойыңызға ұлы Абайдың қай шығармасы келеді? Иә, картинадағы көрініс атауын өзі-ақ айтып тұр. Бұл – «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі негізінде салынған сурет. Оны қағаз бетіне Жамбыл ауданына қарасты Пресновка селосының оқушысы түсіріпті.

Жалпы, көрмеде Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жас суретшілердің облыстық байқауында жүлдегер атанған оқушылардың туындылары паш етілген.

Вера Гончарова – облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері:

– Байқау көктемде бастау алды. Ал жаздың ортасында үздіктерді анықтадық. 3 номинация бойынша өткен конкурста 7 оқушы жүлдегер атанды. Жалпы, жас қылқалам шеберлерінің сайысында 33 солтүстікқазақстандық жеткіншек бақ сынады.

Енді суреттер көрмесінің тағы бір өзгешелігіне тоқталып өтсек. Мұнда ақиық ақынның түрлі облыстар мен елдерде орнатылған ескерткіштерінің фотосуреттері де бар. Тамаша туындыларды қала тұрғындары мен қонақтары қазан айының ортасына дейін тамашалай алады.

Маржан Қасымбек