Білім

ЖОО-дағы қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталды

Білім саласындағы жаңалыққа ойысайық! Қыркүйектен бастап жоғары оқу орындарындағы қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталды.

Мұндай өзгеріс оқытушылардың «қағаз» жүктемесін азайтады. Әрі сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ведомствоның “Facebook” әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында өткен аппараттық онлайн кеңесте айтылды. Еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, ұстаздың басты міндеті – студентті білім нәрімен сусындату. Одан басқа, қосымша шаруа маманның негізгі жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс.

Асхат Аймағамбетов – ҚР Білім және ғылым министрі:

– Кейбір жоғары оқу орындарында неше түрлі есеп талап етіледі: кәсіптік бағдар туралы журналдар, түлектердің жұмысқа орналасуы туралы анықтамалар және т.б. Не үшін? Білім және ғылым министрлігіне ол қажет емес. Жұмысқа орналасқан түлектердің пайызын Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың электрондық базасы арқылы қараймыз. Бірқатар жоғары оқу орны сабақ жоспарын қағаз түрінде сұратады. Кейбір жоғары оқу орындарында оқытушылардың жүктемесі оның қанша студент әкелгеніне байланысты. Мұндайға жол берілмеуі керек. Бұл Білім және ғылым министрлігінің талаптары дейді екен. Сонымен қатар, биылдан бастап қосымша бірнеше бағыт бойынша есептілікті жойдық. Оқытушылар өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен ғана айналысуы тиіс. Бұл мәселенің барлығын жоғары оқу орындары өздері шешеді.

Байболат Култанов