МТРА жаңалықтары

Рұқсат құжатынсыз ет сатуға мүмкіндік берген инспектор жазаланды

787 мың 500 теңге айыппұл салынды және өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді! Бұл – Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бұрынғы бас маманы Әуезбек Әлімбаевқа тағайындалған жаза. Естеріңізге сала кетейік, азамат маусым-шілде айлары аралығында тиісті құжаттары жоқ кәсіпкерлерден 6 мәрте пара алып, базарда ет сатуға жағдай жасап келген.

Бармақ басты, көз қыстылық әрекеті Петропавлдағы “Дария” базарында жасалды дейді Антикор орталығының өкілдері. Мұнда ветеринарлық бақылау жүргізетін қалалық аумақтық инспекцияның бас маманы Әуезбек Әлімбаев тиісті құжаттары жоқ етті қабылдап, сатуға жіберіп отырған. Осы үшін кәсіпкерлерден 1 мың мен 10 мың теңгенің аралығында пара алып тұрған екен. Алайда, инпектор көп ұзамай құрықталды. Күдіктіге тағылған айып толығымен расталды.

Марат Ыбыраев – СҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының басшысы:

– Инспектор 15 күннен кейін жұмыстан босатылады. Қазіргі уақытта ол кеңседе жеңіл жұмыстармен айналысып жатыр.

Жұмыстан шығап қана қоймайды, пара алған маман 787 500 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Және бұдан былай мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Қол астындағы қызметкері үшін қалалық инспекция басшысы Ақпан Құсайынов та жауапкершілікке тартылмақ. Брифинг барысында Марат Ыбыраев жақын арада интеграция жұмыстары мен кадр алмастыру шараларын жүргіземіз дейді. Бұл бастаманы Антикор өкілдері қолдап отыр.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

–  Интеграция жасау – дұрыс әрекет. Ротация шаралары да жүргізілгенін қолдаймын. Себебі, бір кәсіпкерлермен ұзақ уақыт жұмыс жасаған мамандар олармен жақын араласып, парақорлыққа жол берулері мүмкін.

Тағы, жиында облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ыбыраев қызметкерлердің қалтасына бейнекамера орнату жоспарда бар екенін мәлімдеді. Бұл жемқорлық фактісін тудырмауға септеспек.

Бердимурат Баймухан