Құқық қорғау органдары

Полицейлер Жолдауда жүктелген міндеттерді талқылады

Ішкі істер министрлігі криминалды полиция департаментінің бастығы Думан Таев солтүстікқазақстандық полицейлермен кездесті. Жиында Президент Жолдауында жүктелген міндеттер талқыланды. Тәртіп сақшылары  учаскелік инспекторлардың беделін арттыру, құқық қорғау орган нысандарын бейнекамерамен қамту жөнінде жоспармен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қол­жетімді әрі беделді болуға, солардың құ­қықтарын қорғауға тиіс.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында дәл осылай деді. Демек, алдағы уақытта учаскелік инспектордың беделі артады. Бұл халықтың полиция қызметкеріне деген сенімін күшейтері анық.

Стратегиялық құжатта мемлекет басшысы кейбір құқық қорғау органдарының ғимараттарында бейнебақылау құрылғысының жоқтығын сынға алып, камера орнатуды тапсырды. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұны жергілікті полицейлермен кездескен Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев мәлім етті.

Думан Таев – ҚР ІІМ КПД бастығы:

–  Бүгінде полиция бөлімшелеріне бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте айта кеткен жөн, замануи дүниелер алдағы уақытта сатып алынатын болады. Бұған ел қазынасынан және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді.

Тәртіп сақшыларының қызметінде заманауи құрал-жабдықтар маңызды рөл атқарады. Мәселен, қолданыстағы планшет,бейнемагнитофон, терминалдар арқылы хаттаманы аз уақыттың ішінде толтырып, айыппұлды да оңай төлеуге болады. Көліктерді де естен шығармаған жөн.

Думан Таев – ҚР ІІМ КПД бастығы:

– Учаскелік инспекторларды материалдық-техника жағынан қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Бүгінде бізде 276 учаскелік пунктте 1100 көлік жетіспейді. Республика бойынша 2008 учаскелік пункттің тең жартысына жөндеу жұмыстары қажет.

Бүгінде ел бойынша 230 мың камера жұмыс істеуде. Құрылғылардың көмегімен 1 жылда 5 мыңнан аса қылмыс пен 400 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Бисенова Жанна