Қоғам

Петропавлда “Жасыл кеңсе” конкурсына арналған тренинг өтті

Үнемдей білсең өзіңе де, өзге үшін де пайдалы. Үнемділікті білетін адам  кәдеге жаратылған тауардың қалдығын  үйіп төге салмай, дұрыс іріктейді. Өткен жылдан бері  ел көлемінде табиғат ресурсын, энергияны тиімді пайдалануға бағытталған бірегей байқау өткізіліп жүр. Жоба “Жасыл кеңсе” деп аталады.

Қазіргі қоғамда энергия үнемдеу тақырыбы жиі талқыланады. Өйткені, бұл мәселе экономикалық және экологиялық тұрғыда аса маңызды. Экологиялық дегеніміз – ол әрине табиғатты қорғау. Өкінішке қарай, бүгінде қоршаған ортаға зиян келтіру фактілері кездесіп жатады.
Қарапайым қоқыс мәселесін алайық. Адамдардың көбі тұрмыстық қалдықты бөлу түгілі, табиғат аясында серуенге қоқыстарын жинастырып жүрмейді, аяқ астына тастай салады. Мәселен, жуырда жергілікті белсенді жандар Мещан орманынан 900 келіден аса қоқыс жинап, қайта өңдеуге жіберді. Мұндай игі істі сол қоқысты жайратып кеткен адамдардың өздері де жасай алады ғой немесе қарапайым әрекет: қоқыс қалдырма. Суға да немқұрайлы қарайтындар бар. Елордадан келген табиғат жанашыры Асхат Сүлейменов бір жұтым тіршілік көзін үнемдеу керекпіз дейді.

Асхат Сүлейменов – Жасыл экономиканы қолдау коалициясының атқарушы директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қазақстанда бұл тақырып сондай өзекті болмауы мүмкін. Себебі, пайдалы қазбаларымыз бар, суымыз бар деп бейжай қарайды. Бірақ, БҰҰ-ның сарапшыларының айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстан және Орта Азия елдерінде су тапшылығы пайда болады.

Осының алдын алу мақсатында былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен “Жасыл кеңсе” бағдарламасы қолға алынған болатын. Жоба аясында түрлі саладағы ұйымдар арасында қуатты үнемдеу жөнінен байқау өткізіледі. Конкурсқа мемлекеттік органдардың, білім беру, денсаулық сақтау, сауда құрылымдарының, өнеркәсіптің және басқа да мекемелердің өкілдері бақтарын сынай алады. Сайыстың мақсаты – мекеме қызметкерлерін үнемшілдікке үйрету.

Асхат Сүлейменов – Жасыл экономиканы қолдау коалициясының атқарушы директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

–  Әрбір мейрамханада тамақтан басқа да заттардан қалған қалдықтар болады. Сол нәрселерді бөліп жинайтын болса, біріншіден өздеріне пайдалы. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізеді.

Байқау барысында ұйымдастырушылар қатысушы әрбір мекемеге барып, олардың түбіртектерін тексеріп, үнемдеу жұмыстарын қаншалықты жүргізіп жатқандарын бағамдайды. Кейін, нәтиже шығарылып, жүлдегерлер анықталады. Конкурс қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ. Қатысуға ниет білдіру үшін экранда көрсетілген сілтеме арқылы өтініш беру қажет.

Алтынай Қазиқан