МТРА жаңалықтары

Машина жасау саласында кадр тапшылығы мәселесі қалай шешіледі

Темір ұсталары, дәнекерлеушілер мен монтаждаушылар. Бүгінде Петропавлдағы  машина жасау саласына қатысты зауыттарда кадр тапшылығы байқалады. Өндіріс ошақтарында еңбектенуге, әсіресе, жастар аса құлық танытпайтын көрінеді. Десе де, жұмысты қиынсынбайтын кейінгі буын өкілдері де жоқ емес. Қыркүйектің 27-сі сала мамандары өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтпек.

Білдек басында – тәжірибелі темір ұсталары, дәнекерлеушілер емес, олардың ізбасарлары. Жастардың машина жасау саласындағы мамандықты таңдап, меңгере бастағандарына бар-жоғы үш апта болды. Бірақ, жігіттер бірден сөзден іске көшкен. Қазір болашақ мамандар темірді бөлшектерге бөліп, оны егеуді үйреніп жатыр. Барлық процесті білікті оқытушы Николай Гордин бақылауда. Көмектеседі, қателіктерін түсіндіріп, бағыт-бағдар береді.

Николай Гордин – Петропавл қалалық машина жасау колледжінің өндірістік оқыту шебері:

– Колледждің материалдық-техникалық базасы мығым. Станоктарды қазір жаңартып жатырмыз. Студенттер барлығында бірдей жұмыс істеп үйренеді. Тіпті, жергілікті университеттің білім алушылары да бізге келіп, тәжірибеден өтеді. Есесіне, зауыттарға барғанда, қарапайым дүниелерді әзірлейтін жағдайда болады. Осы орайда қаладағы 16 кәсіпорынмен келіссөз жасастық.

Бүгінде машина жасау колледжінде 336 жас білім алып жатыр. Мамандықты студенттер 2 жыл 10 ай меңгереді. Бірақ, уақыттың 60 пайызын лекция тыңдаумен емес, станоктың тілін табумен өткізеді. Практика да – сол, өндіріс ошақтарында. Бұл ретте Петропавл ауыр машина жасау зауыты өте белсенді екен. Қазірдің өзінде оқу ордасының 19 білім алушысы дәл осы кәсіпорындағы жұмыспен жақын танысып жатыр. Шаруаны тез меңгеруіне акционерлік қоғамның қызметкерлері қолғабыс етуде. Әр білдекпен таныстырады, алгоритмін түсіндіреді, қысқасы көзге қиын боп көрінетін дүниенің оңай екенін дәлелдейді. 25 жастағы Виктор Обревко да кезінде өндіріс ошағына тәжірибеге келген болатын. Жас жігіт мұнда ұзаққа бөгелемін деп ойламапты.

Виктор Обревко – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ монтаждаушысы:

– Мен кішкентайымнан ауыр жұмыс жасап өскен жоқпын. Сондықтан, зауыттан біраз сескенгенім рас. Алайда, білдек басында еңбектену қолымнан келе бастағанда қуандым. 2 жыл темір ұстасы болдым. Бұл мен үшін лего жинағандай қызық болды. Кейін монтаждаушы қызметіне ауыстым. Қазіргі жұмысым да өте ұнайды. Оны «тетрис» ойынымен салыстырар едім.

Виктор Обревко жұмыста түскі асын хоббиіне арнайды. Капитан Американың қалқаны, танымал “Тордың” зор балғасы және әйгілі Бэтменннің темір “батарангтары”. Жас жігіт «Марвел» киноәлемі кейіпкерлерінің атрибуттарын әзірлеумен айналысады. Әріптестері де шеберге қолдау көрсетеді екен. «Жұмыс – жұмыс емес, нағыз мереке» дейді зауытта таңнан кешке дейін еңбектенетін Виктор Обревко. Бір сөзбен айтқанда, келіп, істеймін дегендерге жағдай жасалған.

Максим Плотников – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жөндеу-механикалық қызметінің басшысы:

– Біздің зауытта бір жыл бұрын «машина жасаушы» оқу орталығы ашылды. Кәсіпорында еңбектенгісі келетін жандарды өзіміз үйретеміз. Практикадан өтетін студенттерге де барынша көмектесеміз. Оларға тәлімгерлер тағайындалады. Тәжірибесі мол мамандар қастарына алып, 4-5 ай бойы жұмыстың қыр-сырын түсіндіреді, көрсетеді. Тәжірибеге келіп жүрген жастардың арасында өте ынталылары бар. Оларға кәсіпорында қалу туралы ұсыныс жасамақпыз.

Мамандарға деген сұраныс ЗИКСТО-да да өте жоғары. Сәуірде өндіріс ошағының тамырына қайта қан жүгірген болатын. Бүгінде кәсіпорында 500-ге жуық адам екі қолға бір күрекпен қамтылған. Солардың бірі – 6 жылдық еңбек өтілі бар Николай Слободенюк.

Николай Слободенюк – «ЗИКСТО» АҚ вагон арбашасын жинау учаскесінің шебері:

– ЗИКСТО-да менің ағам жұмыс істейді. Темір жол көлігі колледжін тәмамдағаннан кейін кәсіпорынға еңбектенуге шақырған да сол. Шаруаға бірден кірісіп кеттім дей алмаймын. Алғашқы 3-4 ай біраз қателік жіберетінмін. Әріптестерім көп көмектесті. Қазір мұндай олқылықтарға мүлдем жол бермеймін. Жұмысыма көңілім толады. Мектеп бітіргеннен кейін мамандық таңдау мүмкіндігі тағы бір мәрте берілсе, ойланбастан тағы да машина жасау саласына келер едім.

Зауыт сәуірде құны 7 млрд теңге болатын тапсырысқа қол жеткізді. Мамандар жүктелген міндетті тамыз айында сәтті орындапты. 300 вагон-платформаны құрастырып, жіберді. Енді келесісін күтіп отыр.

Ренат Шамсутдинов – «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

– Қазан айында ұзақ мерзімді жаңа тапсырыс болады. Жоба құны 50 млрд теңгеден асады. Қазақстан Темір жолына арнап 2 мың вагон-платформа әзірлемекпіз. Сондықтан, мамандар бізге өте қажет. Атап айтар болсақ, тапшылық дәнекерлеушілер, темір ұсталары мен технологтарға қатысты. Оқуды жаңа бітірген жастарға да есігіміз әрдайым ашық.

Бүгінде Петропавлдағы машина жасау зауыттарында 2 мыңнан аса жерлесіміз еңбектенуде. Алдағы жексенбі, қыркүйектің 27-сі темір ұсталары, дәнекерлеушілер мен монтаждаушылар өздерінің кәсіби мерекесін атап өтпек.

Эльмира Сәдуақасова