Құрылыс

Биыл Аққайың ауданында 4 мәдениет ошағы жөндеу көрді

Биыл Аққайың ауданында 4 мәдениет ошағы жөндеу көрді. Бұл мақсатқа 200 млн теңгеден аса қаржы бағытталып, 4 нысанның да шатыры мен терезелері жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Қайта қалыпқа келтірілген ғимараттарда  бүгінде мәдени-сауықтыру орталықтары да қоса ашылып жатыр. Смирново селосында атқарылған шаруамен  арнайы барып танысып қайттық.

Смирново селосындағы мәдениет үйінде жаңа орталық ашылып жатыр. Әдетте мұндай іс-шараға адам көп жиналатын. Бірақ, бүгін нысан ішінде осы жерде еңбек ететін жұмысшылар ғана жүр. Бәріне себеп – пандемия. Таспасы қиылып отырған орталық мәдени-сауықтыру бағытында келушілерді қабылдайды. Яғни, енді мұнда концерт те ұйымдастырылады, спортпен де шұғылдануға болады.

Виталий Иванов – Аққайың аудандық мәдени-сауықтыру орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Биыл Аққайың аудандық мәдениет үйіне көп өзгеріс енгізілді. 2-ші қабаттағы еденге жаңа плиталар төседік. Өртке қарсы су құбырын орнаттық. Даладағы қоршау мен жылыту қазандықтарын толығымен ауыстырдық. Сондай-ақ, біз тұрған мына жерді спортзалға айналдырдық. Бұрын мұнда мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін орын болған еді. Қазір кең бөлмеде 3 теннис үстелі тұр. Қабырғаға 2 белтемір орнаттық.

Бұл – қажетті құрылғылардың бір парасы ғана. Спортзал ішіндегі үстелдерге шахмат, дойбы, нарды мен дәстүрлі тоғызқұмалақ ойынының тақталары қойылған. Биыл би залына да біраз өзгеріс енгізіліпті. Мұнда фитнеске арналған жабдықтар, вело және жүгіруге арналған тренажерлер сатып алынған екен.

Виталий Иванов – Аққайың аудандық мәдени-сауықтыру орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Хореографиялық залды кеңейттік. Мұнда күндіз би сабақтары өткізілетін болады, ал кешке фитнес жаттығулары ұйымдастырылады. Алдағы уақытта арнайы тренерді жұмысқа алмақшымыз. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр.

Нысан дайын болғанымен, карантинге байланысты біраз шектеулер бар. Жерлестеріміз залға алдын ала жазылу арқылы ғана келе алады. Жалпы, мәдениет ошағын қалыпқа келтіру үшін облыстық және аудандық қазынадан 25 млн теңге қаржы жұмсалыпты.

Самат Сарсымбаев – Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:

–  Биыл Аққайың ауданындағы мәдени нысандарды жөндеуге 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл сомаға 4 ғимаратты қалыпқа келтірдік. Ол – Смирново, Полтавка, Шағалалы мен Власовка селолық округтеріндегі мәдениет үйлері.

Мәдениет үйлері мерекелерде ғана емес, күнделікті жұмыс жасап тұруы қажет. Ғимаратта тұрғындар үшін дене шынықтыру залдары мен түрлі үйірмелер болуы керек, – деп облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан басшыларына тапсырма берген еді. Бұл міндет Аққайың ауданында толығымен орындалуда деп сендірді шенділер.

Бердимурат Баймухан