ҚоғамҚұрылыс

Петропавлда жаңа саябақтар салынуда

Облыс орталығында / абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның бір бағыты саябақ салуға арналған. Жыл соңына дейін Петропавлда / мұндай / су жаңа шағын бақтардың саны 6-ау болуы керек. Ерекше стильде сәнделетін нысандардың бірі / Назарбаев пен Брусиловский көшелерінің қиылысында орналасқан. Жаңа гүл бағы қазан айының соңында әзір болмақ.

– Бұл жерге ұзақ жылдардан бері назар аударылмай келді. Биыл абаттандыру жұмыстарының жүріп жатқанына қуаныштымын.

– Бұл жерге немерелерімізбен келіп отыратын боламыз. Лайлы жерден әдемі жер жақсы ғой.

– Шұңқыр мен батпақтан үйге қарай өте алмайсың. Жаңбырлы күндері жүру қиындайды.

Тұрғындардың сөзінің жаны бар. Жаңбыр жауса болды, ой-шұқырлар суға толады, маңай лай-батпаққа айналады. Бірақ, көп кешікпей бұл қиындық артта қалмақ. Себебі, аумақ тамыз айынан бері абаттандырылып жатыр.

Азат Заляев – “Севтепломаж” ЖШС директоры:

– Алаңның ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Тамыз айында аумақты тазаладық, жерді тегістедік. Қазір кеспе тас төсеп жатырмыз. Бұл істі аяқтағасын маңайдың кей бөлігіне газон төсеп, ағаш егеміз. Орындықтар мен жарық шамдарын да орнататын боламыз. Бастысы, қолданылатын дүниелердің барлығын өзіміздің серіктестік шығарады.

Абаттандыру жұмысына 19 адам жұмылдырылған. Оның 7-еуі іске «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тартылыпты. Олардың арасында Талғат Даиров та бар. Жерлесіміздің сөзінше, жігіттер өз міндеттерін зор жауапкершілікпен атқаруда.

Талғат Даиров – “Севтепломаж” ЖШС бригадирі:

– Біз таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс жасаймыз. Іс басталғалы біраз шаруа атқарылды. Алаң әдемі болып келе жатыр. Ал жалақымыз көңіл қуантады.

Жоспар бойынша шаруа 1 айдың көлемінде толық аяқталмақ. Демек, қала тұрғындары мен қонақтары қазанның соңында Назарбаев пен Брусиловский көшелерінің қиылысындағы су жаңа саябаққа келіп, тыныға алады.

Ал бұл – шаһардың 19-шы ықшам ауданы. Бұрындары бұл жерде биіктігі тізеден келетін қалың шөп өсіпті. Бүгінде аумақ адам танымастай өзгерген. Жуырда мұнда альпинарий орналасқан шағын саябақ пайда болды. Осы маңда Галина Соловьева 30 жылдай тұрады екен. Айтуынша, уақыт өткен сайын Петропавл гүлденіп келеді. Әсіресе, орталықтан шеткері орналасқан аудандар құлпыра түсуде.

Галина Соловьева – қала тұрғыны:

– Бұрын бұл жерде қалың шөп пен шұңқырлар ғана болатын. Қазір әп-әдемі саябақ тұр. Үлкен де, кіші де осында келеді, таза ауамен тыныстап, бір-бірлерімен әңгімелеседі, балалар асыр салып ойнайды. Аумақ барлығымыздың сүйікті орнымызға айналып кетті.

Жалпы, жыл соңына дейін Петропавлда жаңадан салынған саябақтардың саны алтау болмақ.

 

Бисенова Жанна