Қоғам

Облыстық кітапхана жаңа кітаптармен толықты

Көркем шығарма, психология, экономика мен бизнес жүргізудің қыр-сыры. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры / 500-ден астам жаңа кітаппен толықты.

Мамандар, әсіресе, жастарға / тарих туралы, соның ішінде батырлар жайлы жазылған еңбектерді оқуға кеңес береді. Айтуларынша мұндай мазмұндағы дүниелер патриоттық рухқа баулиды

Үстелдерге сиясы кеппеген еңбектер қойылған. Олардың ішінен “Қазақтың хас батырлары” атты кітап бірден көзге түседі. Бұл туындының авторы – жерлесіміз Абай Тасболатов. Мұнда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған 350 ер азамат жайлы жазылған. Ержүрек ұлдардың 25-і біздің өңірде туылған.

Жанат Мұхамеджанов – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК қызметкері:

– Батырлардан бөлек, бұл кітапта тарихта болған шайқастар жазылған. Батырлардың шайқастардағы ерліктері жайлы баяндалады. Оқушылар мен студенттер үшін патриоттық рухты көтеретін кітап болып есептеледі.

Кітапханаға тарихи еңбектерден бөлек, қазақ, орыс, шетел жазушыларының қаламынан туған өзге де бағыттағы құнды дүниелер жеткізілген. Экономика, психология, менеджмент, бизнес жүргізу, әдебиет.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Бұл – “Мағжан поэзия падишасы” кітабы. Авторы – Дандай Ысқақұлы. Туынды 240 беттен тұрады. Мұнда жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың өмірбаянына шолу жасалып, шығармалары талданған.

Бизнес бастаймын, ісімді өрге домалатамын деген жандар міндетті түрде “Көшбасшылық” атты кітапты оқулары қажет дейді кітапханашылар. Қазақ тіліне аударылған туынды әлемге әйгілі ағылшын жазушыларының әңгімелерінен тұрады. Әр шығармада кәсіптің қыр-сырын меңгеру, өзгеге үйрету жайлы толығырақ жазылған.

Жанат Мұхамеджанов – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК қызметкері:

– Әлемдік бестселлерлердің, ең көп сатылған кітаптардың жиынтығы. Мұнда көшбасшылыққа қатысты қысқаша ақпараттар ұсынылған. “Эмоциялық көшбасшылық”, “Өзгерістердің алдында бол”, “Тиімді басшы” сияқты бөлімдерден тұрады.

Жалпы, облыстық кітапханаға 500-ден астам туынды жеткізілген. Олар алдағы уақытта аудандық кітапханаларға таратылатын болады.

 

 

 

Казиканова Алтынай