Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өлкедегі аграрлы саланың әлеуеті Үкімет отырысында баяндалды

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін алдағы 5 жылда 1 трлн теңгеге дейін жеткізу қажет. Яғни, аграрийлерге қазіргі көрсеткішті 2 есеге арттыру міндеті жүктеліп отыр. Ол үшін өлкемізде жыл сайын 10 сүт-тауарлы ферма қолданысқа беріліп, бордақылау алаңдары, бройлерлік құс фабрикалары салынып, шошқа кешендері кеңейтілмек. Сәйкесінше салаға құйылатын инвестиция көлемі 2 жарым есеге өсіп, 1 мың 600 жаңа жұмыс орны пайда болады. Аграрлы сектордағы бүгінгі нәтиже мен болашаққа жоспар жайында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында баян етті.

Орақ науқаны аяқталуға жақын. Өңір диқандары ала жаздай өсірген астықтарының 93 пайызын жинапты. Орташа есеппен әр гектардан аграрийлер 14,8 центнер алтын дән алуда. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда аз. Бұған себеп – ылғалдың аздығы дейді Үкімет отырысында сөз алған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов. Әдетте жауын-шашыннан көз ашпайтын солтүстік өлкеде биыл жаңбыр нормадан 45 пайызға кем жауды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына қарамастан диқандар жақсы өнім жинап алды. «Тұқым» серіктестігі гектарынан 28 центнер (21 мың га), «Зенченко және К» командиттік серіктестігі 26 центнер (40 мың га), «Новомихайловское 2003» (9,1 мың га) және «Заградовское» (12 мың га) серіктестіктері 25 центнерден, «АБИ-Жер» серіктестігі (14,3 мың га) 23 центнер астық жинады.

Нәтижеге диқандар техника мен тұқым сортын жаңартып, минералды тыңайтқыштарды еңгізудің арқасында қол жеткізіп отыр. Мұнымен өңір аграрийлері тоқтап қалмақ емес. Жүктелген міндет – алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 2 есеге арттыру, яғни 1 трлн теңгеге дейін жеткізу.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Сүт-тауарлы фермаларының санын жыл сайын 10-ға дейін арттыру, бордақылау алаңдарын, бройлерлік құс фабрикасын салу, шошқа кешенін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, инвестиция көлемі 2,4 есеге өсіп, 250 млрд теңгеге дейін жетеді.

Аталған бағытта ауқымды шаруаны “Kazfoodproducts” серіктестігі атқарып жатыр. Инвесторлар өлкемізге осыдан 4 жыл бұрын келген болатын. Іскер жандар жұмысы тұралап қалған “Биохимнің” тамырына қайта қан жүгіртті. Өндіріс ошағын толық қалыпқа келтіріп, қондырғыларды жаңартты. Бүгінде кәсіпорын бидай глютені мен крахмал шығарады, ал қазаннан биоэтанол өндіруге кіріседі. Бұл ретте қолдау керек дейді.

Әлихан Талғатбек – “Kazfoodproducts” ЖШС компаниялар тобының жетекшісі:

– Біз қазір зиянды әрі бағасы арзан этанол бойынша бәсекеге түсіп жатырмыз. Сондай-ақ, бидай глютені бойынша әлемдік нарықтан лайықты орын алғымыз келеді. Бұл оңай шаруа емес. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп бидайды терең өңдеуді субсидиялау ережесіне өзгеріс енгізу жөнінен жұмыс жасадық. Жоспарларымызды іске асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау аса қажет.

Кәсіпорын жан-жақты жұмыс жасауда. Егін егеді, оны өңдейді. Ал 2017-де ет бағытын да бір жолға қойды. Шошқа фермасын қолға алып, комбинатты іске қосты. Компанияның алдағы уақытқа жоспары да ауыз толтырып айтарлықтай. Енді өндіріс ошағы 3 мың бас ірі қараға арналған сут-тауарлы ферма тұрғызып, ақты өңдейтін зауыт ашпақ. Әлеуеті жоғары тайыншалық кәсіпорынға Үкімет басшысы жоғары бағасын берді.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

– Отандық инвесторлар 4 жыл бұрын келіп, бүгінде елді мекендердегі 1 мыңнан аса адамды екі қолға бір күрекпен қамтып отыр. Әрі өнімдерін АҚШ мен Еуропа елдеріне экспорттауда. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бастамаларыңызға қолдау көрсететін боламыз. Жұмыс істесе, дәл осылай істеу керек. Кәсіпорындарыңыз – көпке үлгі.

Жалпы, солтүстік қазақстандық аграрийлерге ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді 2024 жылға қарай 2,1 есеге арттыру міндеті жүктелген.

Эльмира Садвокасова