Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданының диқандары орақ науқанын тәмамдауға жақын

Бүгінде Аққайың ауданының диқандары 224 мың тонна астық жинады. Бұл орылған ырыздықтың 97 пайызын құрайды. Қазіргі күні күзгі өнім / аудандағы 5 элеваторға жеткізілуде. Қамбалар жергілікті және жақын маңдағы елді мекендерден 75 мың тонна дән қабылдады. Шаруа әлі жалғасуда.

Аққайың ауданындағы «Элеватор Смирновский» серіктестігінің астық қабылдау орнына күніне 1 жарым мың тонна алтын дән әкелінеді. Жеткізілген дүниенің басым бөлігі – 3-ші классты бидай. Мамандар өнімді түсірмес бұрын оның сапасын тексереміз дейді. Олар әр келген камаздан 50 грамм сынама алып, зертханаға жібереді екен. Онда тауардың дән маңызы мен ылғалдылық көрсеткіштері тиісті нормаға сай болуы қадағаланады.

Владимир Непушкин – «Элеватор Смирновский» ЖШС өндірістік-техникалық зертханасының басшысы, Аққайың ауданы:

– Биыл 27 мың тоннадай астық қабылдадық. Оның 7 мың тоннасы – арпа. Әкелінген өнімнің бәрін жіті тексеріп қабылдаймыз. Кейін оны кептіріп, арнайы орында сақтаймыз. Ала жаздай өсірілген астықты қабылдау, сақтау және кептіру – біздің басты міндетіміз. Элеватор тәулік бойы жұмыс жасайды.

Мұндағы қамбалардың жалпы сыйымдылығы 100 мың тоннаны құрайды. Қазіргі күні олар 27 пайызға толған. Ырыздық жақын маңдағы елді мекендердің барлығынан әкелінеді. Сонымен қатар, элеватор Қызылжар және Есіл аудандарынан да астық қабылдайды. Биыл бидайдың дән маңызы жақсы дейді мамандар. Көрсеткіш орташадан жоғары. Ал орташа көрсеткіш 23 пайызды құрайды. Жалпы, бүгінде серіктестікте жоспарланған шаруа ойдағыдай атқарылып жатыр.

Оралбек Әубәкіров – Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биыл Аққайың ауданындағы егістік алқаптарының жалпы көлемі 211 мың 400 гектарды құрады. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 158 мың 800 гектарға егілді. Майлы дақылдарға тиесілі жер 36 мың гектардан асты. Бүгінде астықтың 97 пайызы жиналды. Маңызды шаруа алдағы бірнеше күнде толығымен аяқталады.

Бүгінге дейін Аққайың ауданында 224 мың тонна дақыл жиналған. Сондай-ақ, қазір ауданда 5 элеватор жұмыс істеп тұр. Нысандар 75 мың тонна өнім қабылдаған. Сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 320 мың тоннаны құрайды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан