МТРА жаңалықтары

8 айда өңір кәсіпорындарында 27 оқыс оқиға тіркелді

8 айда өңір кәсіпорындарында 27 оқыс оқиға болған. Салдарынан 17 адам ауыр жарақат алып, 5-еуі қаза тапты. Еңбек инспекторларының сөзінше, мұндай жағдайлардың басым бөлігі / ауыл шаруашылығы саласында тіркеледі. Негізгі себепт – қарапайым қауіпсіздік ережесінің сақталмауы.

Жаға ұстатарлық жағдайдың бірі қалада орын алған. Белгілі бір компанияның 2 бірдей қызметкері іссапардан келе жатады. Қос маманның бірі рөлде болған. Кенеттен алдарынан жүк машинасы шығып қалып, жеңіл көлікке соғылады. Салдарынан ішінде отырған адамдар көз жұмған.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Тексеру кезінде жеңіл көлікті басқарған адамның жол ережесін бұзғандығы анықталды. Жұмыс берушінің де тарапынан қателік кеткен. Ол қарамағындағы мамандарды іссапарға өз көліктерімен жіберіпті. Темір тұлпардың компанияға тиесілі екендігі туралы құжат жоқ.

Ғ.Мүсірепов ауданында да көктем кезінде жұмыс орнында қайғылы жағдай тіркелді. Астық сақталатын қойманың меңгерушісі жерге отырып, дәннің сапасын тексереді. Бұл уақытта әріптесі арнайы техникамен дақылды жинауға кіріседі. Байқамай қалған ол нәзікжандыны темірмен оңдырмай соққан көрінеді. Келіншек ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмған.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жүргізуші әйелді байқамай қалған әрі қауіпсіздік ережелерін де бұзған. Алайда, нәзікжандының өзі де техника дыбысын естіген кезде тоқтатуға тырыспай, орнында отыра беріпті. Арнайы машинаның жанынан кетуге ұмтылған жағдайда аман қалар ма еді.

8 ай ішінде өңір кәсіпорындарында 27 оқыс оқиға тіркелген. 17 адам ауыр жарақат алса, 5-еуі ажал құшқан.
Бұдан өзге еңбек инспекциясының мамандары заң талаптарын сақтауға байланысты 150 тексеріс жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Еңбек заңнамасын бұзудың 500-ден астам фактісі тіркелген. Енді осыған тоқталып өтсек. Құрылыспен айналысатын жергілікті серіктестік 2018 жылы жұмысшыларына 4 айдың жалақысын төлемеген. Яғни, 112 адамға тиесілі 75 млн теңге берілмепті. Жұмыс берушіге 150 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Татьяна Кудрявцева – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Іс сотқа дейін жетті. Жұмыс берушіге 3 ай бойы қызметін жалғастыруға тыйым салынды. Оған соттың шешімімен тағы 200 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды. Сондай-ақ, қызметкерлердің төленбеген жалақысы қайтарылды.

Жалпы, өңірде әкімшілік жауапкершілікке 33 лауазымды тұлға тартылыпты. Оларға 6 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

 

 

 

Маржан Касымбек