ТЖ

Өткен аптада өңірде 22 өрт оқиғасы тіркелді

19-шы қыркүйек күні Айыртау ауданына қарасты Антоновка селосының маңында қызыл жалын бас көтерді. Онда “Журавушка” серіктестігінің астық сақтау қоймасы өртенген. Қызыл жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыпты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өкінішке қарай, нысанның жоғарғы бөлігі күйіп кетті. Құтқарушылардың көмегімен астықты қайта өңдеуге арналған 12 ыдыс қауіпсіз жерге шығарылды. Тағы, 300 тонна зығыр мен 140 тонна бидай өзге орынға тасылды. Кәсіпорын директорының сөзінше, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Өткен аптада орман алқабында да өрт оқиғалары орын алды. Олардың бірі 18-ші қыркүйек күні Қызылжар ауданында тіркелді. Плоское селосынан 5 шақырым жерде 1,3 гектар аумақ күйген. Бұл маңда қайың ағаштары өскен екен. Болжам бойынша қызыл жалын белгісіз біреулердің отқа немқұрайлы қарауларынан шыққан.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қыркүйектің 20-сы күні дәл осы Қызылжар ауданында осыған ұқсас тағы бір өрт оқиғасы тіркелді. Мұнда Ташкентка селосынан 5 шақырым жердегі орман өрттенді. Бүлінген аумақ жарты гектарты құрайды. Тілсіз жау кешкі 10-ға қарай толығымен сөндірілді. Оның шығу себебі қазіргі таңда анықталып жатыр.

Ал Шал ақын ауданында дүлей желден мектеп зардап шекті. Дауыл Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебінің жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрайтын шатырын ұшырып әкетіпті. Қуанышқа орай, ешкім зардап шекпеген.

 

 

Казиканова Алтынай