Қоғам

Тілдер мерекесі қарсаңында жергілікті мамандар жиын өткізді

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Адамның бойына ананың сүтімен сіңетін тіл – қай ұлтта, қай елде болсын қастерлі де, құдіретті. Алайда, қазақ тілі еліміз тәуелсіздік алғанға дейін көлеңкеде болды. Тек осыдан 29 жыл бұрын көк туымыз көкке көтерілген соң ғана өрісі кеңейе бастады. Десе де, талай жыл өткенімен солтүстік өңірлерде бұл өзекті мәселе күйінде қалып тұр дейді жергілікті мамандар.

Жанат Мұхамеджанов – «Қызылжар қосымша сабақ беру» ЖШС директоры:

– Жастардың арасында қазақ тілінде сөйлеу қарқыны өте төмен. Бұған мемлекеттік тілдің даму қарқыны әлсіз болғаны себеп. Отансүйгіштік, Ту немесе Елтаңбаны құрметтеу керек деп айтамыз. Патриотизмді ана тілінде сөйлеу арқылы көрсетеміз. Ана тілінде сөйлемеген адам ол жалған патриот деп есептеймін.

Жастардың бойында патриоттық сезімін оятып, тілдік білімін тереңдетуге деген құлшынысын ашу үшін не істеу қажет? Мәселенің басты шешімі латын әліпбиіне көшу дейді Жанат Мұхамеджанов. Сонда қолданыстағы бірқатар сөздер де қазақшаланатын көрінеді.

Жанат Мұхамеджанов – «Қызылжар қосымша сабақ беру» ЖШС директоры:

– Қазақ тілін кирилл әліпбиінде қолданып жатқандықтан орыс тіліне тәуелді болып қалды. Мәселен, «класс» дегенде 2 рет «с» әрпін жазамыз. Егер латын әліпбиіне көшсек, сөздерді қазақ тілінің дыбысталу жүйесімен аударатын боламыз.

Десе де, өңірде латын әліпбиіне көшу, қазақ тілін дамыту жұмыстары, әсіресе, мектептерде қарқынды жүргізіліп жатыр. №17 мектептен келген Людмила Милютина мемлекеттік тілді үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің қатарын кеңейту үшін тынбай еңбек етеді. Орыс отбасында тәрбиеленгенімен жүрегі қазақ деп соғатын нәзікжанды жастарға мемлекеттік тілде сабақ береді екен.

Людмила Милютина – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені қазақ бөлімінің жетекшісі:

– Біздің мектебіміз ерекше. 9 ұлттық бөлім бар. Оның ішінде қазақ бөлімі ең жасы. Онда 30-ға жуық бала оқиды.

Тілдер мерекесіне орай ұйымдастырылған жиында 10-ға жуық мемлекеттік тілді дамыту турасында өз баяндамасын оқыды.

Гүлзат Әлжанова – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” аға оқытушысы:

– Білім беру ұйымдарында қызмет барысында тілдің меңгеру деңгейі жайлы айтылады.  Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолдану аясы, оны дамыту аясында тәжірибесімен бөліседі.

Жиында оқылған баяндамалардың барлығы алдағы күндері кітапша болып шығарылмақ. Одан соң, еңбек мектеп оқушыларына табысталады.

 

 

 

Маржан Касымбек