МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Президент Жолдауына үн қосуда

Солтүстікқазақстандықтар Президент Жолдауына үн қосуда. Жерлестеріміз қоғамдық кеңестердің құрамына мүмкіндігі шектеулі адамдар көптеп шақырылса, өзекті мәселелер шешімін табады дейді. Ал қоғамда түйіні күрделі проблемалар баршылық.

Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс.

Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан алынған үзінді. Мемлекет басшысының ойын бұрынғы «Ардос-жүрек» мүгедектер бірлестігінің мүшесі, қазіргі таңда жергілікті Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Сәлімхан Сәбитов қолдайды. Жерлесіміз қатарға белсенді жарымжан адамдарды тарту арқылы өзекті мәселерді шешуге болады дейді. Мәселен, көптің пікіріне сүйеніп, кембағал кісілерді діттеген жерге жеткізетін көлік паркін құруға мүмкіндік бар дейді. Мұндай жүйе Петропавлда жоқ емес, бар. Бірақ, машиналардың саны саусақпен санарлық.

Сәлімхан Сәбитов – облыстық ҚХА жанындағы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары:

– Кейбір жүріп-тұра алмайтын адамдардың көмекшілері болады. Біреулерде ол жоқ. Сол себепті, олар үшін инватакси қызметін дамыту қажет.

Әлеуметтік нысандардың көбінде, мәселен емхана мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында бүкіл үрдіс электронды түрде жүзеге асады. Мәселен, кезекке тұру үшін талон аласың, шақырған кезде барасың. Барлығы қарапайым. Бірақ, мұның өзінде де мүгедек жандар кей кезде кедергіге тап болады екен.

Сәлімхан Сәбитов – облыстық ҚХА жанындағы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары:

– Мен дәріханаға немесе емханаға келген кезде кезегімді күтіп отырамын. Осы кезде басқа біреу кіріп кетеді де кезек қайта бұзылады. Сол себепті, бұл мәселені қайта қарастыру қажет деп ойлаймын.

Қоғам белсендісінің пікірінше, көп ұзамай мүгедек жандарды толғандыратын мәселелердің барлығы өз шешімін табады. Ең бастысы – мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, қатарға өз пікірін ашық білдіре алатын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тарту қажет. Сонда күрмеуі күрделі түйіндер біржақты етіледі.

Бердимурат Баймухан