Білім

Петропавлдық мектептер қысқа сақадай сай

№23 орта мектебі 80-ші жылдары қолданысқа берілді. Содан бері нысан бірнеше мәрте орташа жөндеу жұмыстарын көріпті. Ал биыл ғимаратта екі бағыт бойынша күрделі жөндеу жүргізілді. Біріншіден, мұндағы ағаш терезелердің барлығы пластикке ауыстырылды. Екіншіден, оқу ошағының жылу құбырлары толығымен жаңартылды. Сондай-ақ, үнемделген ақшаға мектептің кіреберісі де қалыпқа келтірілді.

Нұржамал Қожина – №23 орта мектебінің директоры:

– Біздің мектепке күрделі жөндеу жұмыстары барысында екі рет мониторингілік топ өкілдері келген болатын. Бірінші келгенде біраз ескертулер жасалды. Оның барлығы ескерілді. Осылайша мониторингілік топ екінші рет келгенде барлық олқылықтар дұрысталды.

№23 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталып, нысан қолданысқа тапсырылыпты. Қазір ғимарат қытымыр қысқа дайын. Жалпы, осы күні білім ұясында 1300-ге жуық ұл-қыз оқиды. Бүгінде олардың 550-і арнайы індетке байланысты құрылған топтарда тәлім алып жүр.

Ал бұл – «әл-Фараби» мектеп-лицейінің спорт залы. Мұнда биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді ұл-қыздар жаңа залда жаттығу жасап, денелерін шынықтырады. Сондай-ақ, өткен жазда білім ұясының барлық терезесі мен электр сымдары жаңасына ауыстырылыпты.

Нұрхан Камзин -«әл-Фараби» мектеп-лицейі директорының орынбасары:

– Сондай-ақ, мектептің кіреберісі де жаңартылды. Ол да біздің білім ұямызда оқу-тәрбие процесін жүргізуге қолайлы жағдай жасайды деген ойдамыз. Мектепте 14 арнайы топ жұмыс істеуде. Барлық санитарлық нормалар сақталған.

Жалпы, үстіміздегі жылы облыс орталығында 6 мектеп күрделі жөндеу көріпті. Бұл мақсатқа “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттерден 280 млн теңге бөлінген екен.

 

Ешкенова Дана