Ерiктiлер

«Birge – taza Qazaqstan» акциясы ұйымдастырылды

Қыркүйектің 18-і күні елімізде «Birge – taza Qazaqstan» жалпыреспубликалық акциясы өтті.

Игі іске 100-ге жуық солтүстікқазақстандық белсенді қатысты. Бір топ мемлекеттік қызметші мен еріктілер Мещан орманына барып, маңайды күл-қоқыстан тазартты. Бұл аумақ – тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Қайың мен қарағайдың ортасында көбі серуендейді, таза ауа жұтады. Бірақ, кейбір жандар жауапкершілікке мән бермей, айналаға / шыны бөтелкелерді, пластик ыдыстарды, тағы да басқа дүниелерді лақтырып, көркем табиғатты ластайды. Қала сыртындағы шара 4 сағатқа созылды. Осы уақытта белсенді азаматтар 900 келіден астам қалдық жинап, қайта өңдеуге жіберді. Айта кетейік, өзге облыстарда акция қатысушылары көшет те екті.

Мағзұм Мырзағалиев – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берілген орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу тапсырмасын орындауға бағытталған бүкілхалықтық акцияның тек бастамасы. Ағаш отырғызу ел бойынша әлі жалғасын табады.

 

Маржан Касымбек