Қоғам

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні

Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күні! Елімізде бұл күн 2013-ші жылдан бері аталып өтіледі. Айтулы дата қарсаңында облыстық кітапханада жиын өтті. Іс-шараға бір кездері бел жазбай тер төгіп, еліміздің дамуына үлес қосқан жандар қатысты. Олар өздерінің мамандықтары, атқарған қызметтері жайлы баян етті.

Аға буын өкілдерінің бірі кезінде – зауытта, енді бірі егіс даласында еңбек еткен. Бірқатары өңірде нысандарды тұрғызуға үлес қосты. Геннадий Языков 30 жыл бойы құрылыс саласында тер төккен.

Геннадий Языков – еңбек ардагері:

– Кезінде осы кітапхананың салынуына біраз үлесімді қостым. Мұндағы барлық ағаш бұйымдарды мен жасадым. Кітапхана ұжымы мені іс-шараларға жиі шақырып тұрады.

Бүгінгі жиынға Ауған соғысының ардагерлері де қатысты. Солардың бірі – Ерік Тәттібаев. Ардагер ұл-қыздардың бойында патриоттық сезім тәрбиелеу мақсатымен “Жас сарбаз” деп аталатын ұйым құрған. Қазіргі таңда оның құрамында 100-ден астам жеткіншек бар.
“Еңбек түбі – зейнет” демекші, сан салада қызмет атқарған аға буын өкілдері өмір бойы тынымсыз еңбек етіп, қазір соның зейнетін көруде.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК іс-шараларды ұйымдастырушысы: 

– Қыркүйектің соңғы жексенбісінде болатын Еңбек күніне орайластырылған іс-шара біздің кітапханамызда жыл сайын атап өтіледі. Біз бұл күні жастарға үлгі ретінде аға буын өкілдерін шақырамыз. Үлкен кісілер жас ұрпақпен тілдесіп, біраз ақыл-кеңестерін айтады.

Бүгінде облыста 100 мыңнан астам еңбек ардагері бар. Соның жартысына жуығы облыс орталығында тұрады.

Алтынай Қазиқан